14:24, 18 Қараша 2012 | GMT +5
Атырауда ауруханаға ес-түссіз жеткізілген Ұлыбритания азаматы ұрылардың қолынан зардап шеккен
АСТАНА. 18 қараша. ҚазАқпарат - Атырауда облыстық клиникалық ауруханаға ауыр дене жарақаттарымен жеткізілген Ұлыбритания азаматы ұрылардың қолынан зардап шеккен.
Облыстық ІІД баспасөз қызметінің басшысы Гүлнәзира Мұхтарова мәлім еткендей, жансақтау бөлімінде жатқан Ұлыбритания азаматы есін жиды.
«Ол «Аджип ККО»-ның мердігерлік компанияларының бірінің қызметкері, 1972 жылы туған. Алдын ала ақпарат бойынша, жол-көлік апатының нұсқасы расталмады. Денсаулық жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланып отырған зардап шегушінің сөзіне қарағанда, бейтаныс адамдар оны ұрып-соғып, тонап кеткен. Осы нұсқаны қазір тергеу қарастыруда», - деп атап өтті Г.Мұхтарова.
Еске салайық, шетел азаматы түнде қаланың орталығындағы жолдардың бірінің жиегінде ес-түссіз күйде табылды.