Атырауда Әзербайжаннан келген қонақ балық өнімдерін шығаратын жасырын цех ашты

АТЫРАУ. 29 сәуір. ҚазАқпарат /Андрей Соколов/ - «Бекіре» шарасы барысында полицейлер қаладағы Мечников көшесіндегі үйдің ауласындағы үш бірдей сарайды балық тұздау орнына айналдырған шетелдік азаматты анықтап, ұстады.
None
None

Әзербайжан елінің 1972 жылғы азаматы Атырауға жеке іс сапармен келіп, осы үйді жалға алып, жергілікті азаматтардан сатып алған балықтарын тұздап, кептіріп, дайындаған. Тәртіп сақшылары үш сарай толы кепкен балықтармен қатар, сыйымдылығы 200 литр болатын 5 бөшкеге толтыра тұздалған қара балықтарды, ысталған бекіре балығын, тоңазытқыш-мұздатқыштан бекіре балығының кеспелерін тапты.

Жасырын кішігірім цехтан табылып, алынған балықтардың жалпы салмағы 3 тоннадан асады, оның 180 келіге жуығы бекіре балықтары.

Әзербайжандық азаматтың айтуынша, кептірілген, ысталған балықтарды Ресейдің Астрахань облысына апармақшы болған. Бұл азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалып, әзірге қол хатпен босатылды. Тергеумен ІІД Су полициясы айналысуда.

«Бекіре-2011» шарасы басталғалы облыс полицейлері заңсыз балық айналымына қатысты 128 фактіні анықтады. 106 құқық бұзушылардан жалпы салмағы 36 тоннаға жуық балық табылып, тәркіленді, оның 400 кг бекіре тұқымдас балық.

Соңғы жаңалықтар