Атырауда балық «барымташылары» көбейді

АТЫРАУ. 19 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгінде бағалы балыққа «барымташылар» көбейді. Облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлназира Мұхтарованың айтуынша, табиғат байлығына қол сұғушыларға қарсы қарқынды жұмыс жүріп жатыр.
None
None

«Бекіре - 2013» жедел алдын алу іс-шарасы (ол 10 сәуір мен 31 мамыр аралығында өтеді) - соның бастысы.

Қазірдің өзінде 76 құқық бұзушылық анықталған. Оның 60-ы балықты заңсыз аулау дерегі. Елдің ырыздығын сату, тасымалдау секілді келеңсіздіктер де жиі кездеседі.

Таяуда облыстық ІІД қызметкерлері Атырау-Құлсары тас жолы бойынан «ГАЗель» автокөлігін тоқтатқан еді. Оны тексеру кезінде көлік қорабынан жалпы салмағы 160 келі көксерке балығы табылды. Исатай ауданының Х.Ерғалиев ауылы маңында (Атырау-Астрахан) жеңіл көліктен 60 келіден астам бекіре тұқымдас балық тәркіленді. Жүргізуші 24 жастағы Атырау қаласының тұрғыны болып шықты. Исатай аудандық ІІБ қызметкерлері қазір тергеу жұмыстарымен айналысуда, - дейді облыстық ІІД өкілі.

Бұл мысалдың соңы емес. Балықтың «барымташылары» басқаны қойып, байлықты тиеп алып, қаланың ортасымен емін-еркін жүретін көрінеді. Жұмыскер кенті тұрғынының тірлігі соның көрінісіндей. Ол 200 келі «қаракөзді» автобусқа артып алыпты. Көліктің рөлінде Шымкенттен келген қонақ. Шектен шыққан осынау әрекетке уақытында тыйым салынды. Қазір аталған іс бойынша тергеу жүруде. Ал, Атырау қаласының Вокзал маңы мөлтекауданында тоқтатылған «Тайота камридің» иесі 175 келі сазан тиеп алыпты.

Жанбайлық тұрғын бәрінен асып түсуді жөн көргенге ұқсайды. Ол 105 келі бекіре тұқымдас балықпен қолға түсті.

«Бекіре-2013» жедел алдын алу іс-шарасы басталғаннан бері барлығы 50 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 228,4 мың теңге айыппұл салынды.

Соңғы жаңалықтар