Атырауда батысқазақстандық суретшілердің көркемсурет көрмесі көпшілік назарына ұсынылды

Л. 21 сәуір. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - БҚО «Өнер» қоғамдық қоры Атырау қаласындағы «Ақжелкен» арт-галереясында «Жазира Жайық» Батыс Қазақстан облысы суретшілерінің көркемсурет көрмесін көпшілік назарына ұсынды.
None
None

«Өнер» қоғамдық қорының басшысы Қуандық Мәдірдің айтуынша, Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай Атырауда ұйымдастырылған екінші көрменің негізгі мақсаты батысқазақстандық суретшілер туындыларын көрші облыстарға таныстыру, пікірлерін тыңдап, тәжірибе алмасу болып табылады. Батысқазақстандық 17 қылқалам шеберінің туындыларын топтастырған көрменің ашылу салтанатына оралдық 7 суретші қатысып қайтты. Олар: Сатыбалды Құлбеков, Қуандық Мәдір, Қайыр Оразғалиев, Ерғали Бекешев, Бекжан Жұмабаев, Асхат Әбдешев, Мэлс Отаров. Шараны Атырау облыстық мәдениет басқармасы бастығының орынбасары Серік Қалжанұлы ашса, атыраулық танымал суретші Әділқайыр Жантасов батысқазақстандық әріптестерінің туындыларына жоғары баға берді, мұндай маңызды шаралардың әлі де өз жалғасын таба беретіндігін жеткізді. Галерея директоры Нұрберген Дәулетов сурет өнерін дамытуға бағытталған тың жобаларды айта келіп, батысқазақстандық бес белгілі қылқалам шеберін ҚР Суретшілер одағы Батыс аймақтық кеңесінің мүшелігіне қабылдады. Аталмыш кеңес алыс-жақын шетелдерге шығатын суретшілер жұмыстарын сараптауға қатысатын болады. Көрме 5 мамырға дейін жұмыс істейді.

Содан кейін мерейлі жыл аясында Қ.Мәдір мен Б.Жұмабаевтың сурет көрмесі Астрахан қаласында ұйымдастырылмақ.

Соңғы жаңалықтар