Атырауда ескі пәтерлердің орнына жаңасы берілмек
Өткен ғасырдың басында салынған бұл үйлердің 2 мыңға жуық тұрғыны жаңа баспанаға көшірілетін болды. Қалалық әкімшіліктің арнайы бағдарламасы биылдан бастап жүзеге асырылмақ. Іргетасы қаланғанына 100 жылға таяған мына үйлерді тарихи жәдігер деуге де болады. Бұл күнде баспана атауы ғана қалған ғимаратты басқа барар жері жоқ, жұртшылық әлі де болса мекен етіп келеді.
Қиын жағдайда қалған ағайынды әкімдіктің тозығы жеткен және апатты жағдайдағы тұрғын үйлерді сүру туралы бағдарламасы тығырықтан шығарған жайы бар. Жоспарға сәйкес жұрттың алды осы жаздан бастап, жаңа пәтерлерге қоныстанады.
«Жоспар бойынша 3 жыл мерзімді қамтиды. Қазіргі таңда жергілікті бюджеттен 6 млрд. 822 млн. теңге қаражатты қажет етеді. Қысқаша айтып кететін болсам, бұл 27 тозығы жеткен үй, 35 апатты жағдайдағы үй және 17 жатақхана. Барлығы 79 үйді қамту жоспарланып отыр», - дейді Атырау қаласы әкімінің орынбасары Жұмабай Қарағаев.
Бір айта кететін жайт, жаңа баспана алатын тұрғындардың бұрынғы мекенжайлары ауысатыны анық. «Сондықтан жұрт түсіністікпен қараса», - дейді атқарушы билік өкілдері. Ал жаңа баспана бұрынғы пәтердің көлеміне сай беріледі. Осы шартқа келісім берген тұрғындардың алғашқы легі жуырда жаңа пәтерлерге көшіріле бастайды.