Атырауда ''Қашаған-2013» оқу-жаттығуы өтеді
Оқу-жаттығудың негізгі мақсаты - НКОК компаниясының мұнай өндіруді бастағанға дейін мұнай төгілуді жоюға дайындық деңгейін байқау. Ол компанияның дағдарыс жағдайларды және апатты жоюды басқару жоспарына сәйкес жүргізіледі. Оқу-жаттығу төтенше жағдайлар, әскерилендірілген өрт сөндіру, су жолы қызметтері, көлік инспекциясы, басқа да бірнеше құрылымдардың және консорциумның мүдделі қызметтерінің бірлесе әрекет етуі нәтижесінде өтпек.
Оқу-жаттығу екі кезеңнен және практикалық, теориялық екі бөліктен тұрады. Бірінші кезеңде мұнай төгілуін жоюды аймақтық деңгейде қарастыру көзделсе, екінші кезең үшінші деңгейлі мұнай төгілуді жою бойынша Қазақстан Республикасымен басқа елдерден тартылған халықаралық мердігер ұйымдарының жұмылдыру ресурстарын тексеруді көздейді. Облыстық әкімдікте өткен жиында оқу-жаттығу жұмыстарына қатысты құрылымдық бөлімшелердің дайындығы пысықталды. Жиынды жүргізген Атырау облысы жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс, апаттар мен дүлей апаттардың алдын алуды және жоюды ұйымдастыру басқармасының бастығы Н.Мұхтаров оқу-жаттығуды жүргізу мен оған дайындық деңгейін, салалық құрылымдардың жауапкершілігі мен атқаратын міндеттерін белгіледі.