Атырауда «Катюша» әні бір уақытта 12 жерде шырқалды

АТЫРАУ. 8 мамыр. ҚазАкпарат - Бүкіл дүниежүзін дүр сілкіндірген сұрапыл соғыстың 68 жылдығы қарсаңында облыс орталығында үлкен игі бастама көрініс тапты. Бүгін сағат тілі 12.30-ды соққанда осы бейбіт өмір үшін ерлік көрсеткен боздақтар рухына тағзым еткен ұрпақтардың орындауында «Катюша» әні Атырау қаласының 12 жерінде бір мезетте шырқалды.
None
None

«Катюша» әні соғыстың алғашқы сәтінде-ақ майданға аттанған жас жігіт пен орыс қызының бір-біріне деген махаббат сезімдерін жеткізеді, - дейді жоба авторы, «Ақ желкен» шығармашылық орталығының директоры Нұрберген Дәулетов. - 18-19 жасқа толысымен, өмірдің қызығын жаңа ғана сезіне бастап, майданға аттанған осындай өрімдей жастар қаншама! Осыған орай, қазіргі бейбіт өмірде халықтың бойына патриоттық рухты қалыптастыру, ерлікке тағзым ету мақсатында орталықтың «Жерұйық» мәдени қоры «Жаумен шайқасқан жандар үшін үш минут уақытыңды қиясың ба?» атты акция аясында осы шараны ұйымдастырды».

Михаил Исаковскийдің сөзіне және Матвей Блантердің әніне жазылған «Катюша», шын мәнінде, қазіргі кезде халық әні ретінде саналады.

Аталған акция кезінде бір мезгілде Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театры, Н.Жантөрин атындағы облыстық филармония, Құрманғазы атындағы мәдениет сарайы, «Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясы» Атырау музыка колледжі, облыстық әкімдік, «Нұр Отан» ХДП Атырау облыстық филиалы, Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясы, «Ақ желкен» шығармашылық орталығы, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, Каспий өңірінің қазіргі заманғы колледжі және тағы басқа алаңдарында қызметкерлері осы патриоттық әнді шырқады.

Нұрберген Дәулетовтің айтуынша, бастамасын тапқан идеяны қолдап, өз мекемелерінің алдына шығып, «Катюшаны» орындауға ниет білдірген өзге де ұжымдар табылды. «Әр азамат өз елінің патриоты болуы керек. Сондықтан, акция аясында ардагерлерге тағзым ету мақсатында идеяны қолдаған барлық атыраулықтарға ризашылығым шексіз», - дейді ол.

Соңғы жаңалықтар