Атырауда қылмыстық полицияның бұрынғы басшысы тұтқындалды

«Атырау қаласы ІІБ қылмыстық полициясының бұрынғы басшысы Нұрболат Қабдешев пен оперативтік қызметкер Бейбіт Шалтенов тұтқындалып, уақытша оқшаулағышқа қамалды. Олар жеке пайдасы үшін қызметтік бабын асыра пайдаланды деген күдікке ілініп отыр», - делінген Атырау облысы полицейлерінің арасында қызметтік бабын асыра пайдалану жағдайын тергеп жатқан ҚР Бас прокуратурасы тергеу тобының мәліметінде.
Айта кетейік, бұл тергеу бұрынғы полицей Манарбек Өтеуовке өзбекстандық азаматты өлтірді деген айып тағылғаннан кейін басталған. Ол бұл қылмысы үшін 22 жылға сотталды. Тергеу барысында айыпталушы полицей полицияда болып жатқан сұмдықтар мен қылмыстар туралы, оларды кімдер жасап, кімдер былықты жауып отыратыны жайлы адамдардың аты-жөндері көрсетілген хат жазған еді. Хат әлеуметтік желі арқылы тараған болатын. Осы жағдайдан кейін іске ҚР Бас прокуратурасының тергеу тобы араласқан.