Атырауда Теңіз мұнайының 20 жылдығына арналған салтанатты шаралар өтті
1991 жылдың 6 сәуірінде құрамында Теңіз мұнай-газ өңдеу зауыты мен кәсіпшілігі бар мұнай-газ кешені пайдалануға беріліп, осы кен орнында алғашқы өндірістік мұнай алынған болатын. Осы шара аясында Әріптестер Кеңесінің мәжілісін өткізу, бірқатар өндіріс орындары және Теңіз кен орнына бару жоспарланған.
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқармасы төрағасы Қ.Қабылдин өз құттықтауында «Теңіз кен орнының ашылуы болашағы зор Оңтүстік Ембіде өз күштерімен ерекше іздестіру үлгісін дайындап шыққан ежелгі мұнай кәсіпорны - «Ембімұнай» мамандарының ерен еңбегінің нәтижесі» екендігін атап өтті.
Теңіз кен орнын ашқан мұнайшылардың бір тобы: Жолдасқали Досмұхамбетов, Бөлекбай Сағынгалиев, Болат Еламанов, Асабай Хисметов, Құмар Балжанов, Валентин Авров, Мақаш Балғымбаев, Орынғазы Есказиев Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығына ие болды.
Кен орнын игеру арнайы құрылған «Теңізмұнайгаз» өндірістік бірлестігінде одан әрі жалғасын тапты. Жұмыстың жандануына бірлестік пен зауыттың бас директорлары Б. Сағынғалиев, Г.Ясавеев, С. Шишлов, В. Новиков, М.Батырбаев, Ю.Панарин, Ю. Махошвили, тағы басқалар үлкен үлес қосты.
1993 жылы «Теңізшевройл» қазақстан-американ бірлескен кәсіпорнының құрылуы Теңіз кен орнының одан әрі дамуына жаңа серпін берді.
- Теңіз кен орнының ашылуы мен бағалануы оны ірі мұнай өндіруші кәсіпорындар қатарына көтеріп, Қазақстан мұнай өнеркәсібінің шикізат базасын екі есе арттырды, - деп атап көрсетті Қ.Қабылдин. - Осы жылдар ішінде кен орнында мұнай өндіру 26 есеге жуық артты. Бүгінде «Теңізшевройл» өнім өндіру бойынша жалпы республикалық деңгейдің 30% жуығын қамтамасыз етеді, - деді «ҚазМұнайГаз» ҰК басшысы.
«Теңізшевройл» ЖШС тауар және қызметтерді сатып алуда қазақстандық үлесті белсенді түрде ұлғайту жөніндегі шараларды жүзеге асыруды одан әрі жалғастыруда. 2010 жылдың өзінде ғана осы мақсатқа 1 млрд. 350 млн. АҚШ доллары аударылды. Мұның өзі қазақстандық жабдықтаушылармен тұтас айналымды 1995 жылдан бері 9,6 млрд. АҚШ долларына дейін арттыруға ықпал етті.
ТШО-ның 1993 жылдан 2010 жылға дейінгі Қазақстан Республикасына тікелей төлемі 45,4 млрд. АҚШ долларынан асып түсті. 2010 жылы ТШО-ның Қазақстан Республикасына қосқан үлесі 9,6 млрд. АҚШ долларын құрады.
Бүгінде ТШО-да қазақстандық ұлттық кадрлардың үлесі 85 пайыздан (1993 жылғы 50% салыстырғанда) астам. Менеджерлер, орта буын басшылар және инженер-техник қызметкерлердің 76 пайызға жуығын қазақстандықтар құрайды.
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқармасы төрағасы Қайыргелді Қабылдин Теңіз кен орнын игерудегі «Теңізшевройл» ЖШС еңбегі сіңген қызметкерлерінің ерекше үлесін атап өтті. «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Құрмет грамотасымен Теңіз мұнай-газ өңдеу зауыты пайдалану бөлімінің бастығы Әділбек Бисембаев, шикі газ айдауды пайдалану бөлімінің бастығы Нысанбай Молдиев, жобалар бөлімінің менеджері Бекболат Амангелдин, өнеркәсіптің энергия қорларын пайдалану бөлімінің бастығы Токсанбай Сәркенов, пайдалану кәсіпшілігінің аға операторы Ғафурин Әубәкіров марапатталды.
«Теңізшевройл» ЖШС қызметкерлерін осы айтулы оқиғамен Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігінің, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ, ҚР Парламенті Сенатының, Атырау облысы әкімдігінің, Ресей Федерациясы Астрахань облысы әкімшілігінің, отандық, шетелдік мұнай-газ компанияларының өкілдері құттықтады.