Атыраудағы апат салдарынан ауруханаға түскен 10 жолаушының екеуі ауыр халде - М. Өтепқалиев
«Қазіргі кезде облыстық ауруханада зардап шеккен 6 жолаушы жатыр. Олардың екеуі ауыр халде. 1961 жылы туылған Тараздың тұрғынының жағы сынған, беті тілінген. Ал 1944 жылы туылған Астана тұрғынының қабырғалары сынған (Екеуі де әйел адам - ред.). Тағы төрт адам Мақат аудандық ауруханасында емделуде», - деді ол.
Басқарма басшысының мәліметінше, Мақат ауруханасында жатқан 3 зардап шегушіні, яғни Атырау қаласының 2 тұрғыны мен 1 қызылордалық азаматты бүгін облыстық ауруханаға әкелу жоспарланған. Бір зардап шеккен әйел өз өтініші бойынша тұрғылықты жері Құлсары қаласына жеткізіледі.
Айта кетейік, зардап шегушілердің саны артып келеді. Бүгін Атырауда дәрігерлік көмек сұрап 12 адам хабарласты. Олардың барлығына медициналық жәрдем көрсетілді. Олар дәрігерлердің бақылауында болады.