Атыраудың Бас жоспары қайта жасалады

АТЫРАУ. 23 сәуір. ҚазАқпарат - Үстіміздегі жылы Атырау қаласының қолданыстағы бас жоспарын қайта жаңғыртып, оған қоса бес аудан орталығының (Жылыой ауданы-Құлсары қаласы, Исатай-Аққыстау, Құрманғазы-Ганюшкин, Қызылқоға-Миялы және Махамбет ауданының бас елді мекені Махамбет селолары) бас жоспары жасақталатын болды. Ал, тұрғындарының саны бес мың адамнан кем елді мекендер бойынша схемалық сызба әзірленеді. Бұған керекті қаражат та қарастырылып, бөлініп қойылған.
None
None

Бүл туралы бүгін облыстық әкімдікте өткен мәжілісте облыс әкімінің орынбасары Т.Шәкімов айтты.

Тапсырыс берушісі облыстық Сәулет және қала құрылысы басқармасы болып табылатын бұл жұмысты атқарумен «КазГипроград-1» жобалау институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі шұғылданады. Осындай жауапты істі мойнына алған мердігер мекеменің мамандары қазірден бастап өздеріне бірінші кезекте қажетті ақпараттар мен мәліметтерді жинастыруға кірісіп те кеткен.

Еске сала кетсек, облыс орталығы - Атырау қаласының бас жоспары осыдан он бір жылдай бұрын, 2002 жылдың тамыз айында Үкіметтің қаулысымен бекітілген болатын. Шаһардағы сәулет-қала құрылысын өрістету шаралары да соның негізінде жүзеге асырылып келген-ді. Дегенмен, өңірде өндірістің, әсіресе мұнай-газ өнеркәсібінің қарқынды дамып, экономиканың қарыштап алға басуы, кәсіпкерлік өрісінің кеңеюі қала аумағынан әлеуметтік-тұрмыстық, басқа да бизнес нысандарының көптеп салынып, құрылыстың құлашын кеңге жаюына септігін тигізді. Көп қабатты тұрғын үйлер бой көтеріп, жеке тұрғынжай салуға сұраныс көбейді. Осының бәрі сайып келгенде, бас жоспардың да қайта қаралып, толықтырылып, жаңғыртылуын талап еткені сөзсіз.

Осылайша, егер осыған дейінгі бас жоспарда қаланың бірінші кезектегі дамытылуына қаралған жер аумағы 17,0 мың гектарды құраса, жаңадан жасалынатын нұсқада оны 62,0 мың гектарға жеткізу қарастырылған. Мұнда уақыт талабымен үндес туындаған әлеуметтік-экономикалық проблемалар өз алдына, инженерлік инфрақұрылымдар мен автокөлік, жол қозғалысы сияқты мәселелердің шешімі де бас жоспармен тікелей байланысты екендігі ескерілген.

Назар аударуға тұрарлық бір жайт, бір ғана Атырау қаласының бас жоспарын қайта жаңғырту жұмыстары 1,5 жыл мерзімге созылады деп есептелінсе, аталған аудан орталықтарына қатысты жобалау шараларын биылғы қазан айының соңына дейін тиянақтап, қараша-желтоқсан айларында жергілікті мәслихаттың бекітуіне ұсыну ойластырылған. Нәтижесінде, беріліп отырған техникалық тапсырмада атап көрсетілгеніндей, ұсынылған жобалар қала құрылысы кеңесінде қаралып, мақұлданған жағдайда бұдан былай бас шаһардың аумағы жоғарыда келтірілгендей, 62 мың, Құлсары қаласында - 12 240, Ганюшкинде - 3594, Аққыстауда - 1654, Миялыда - 780 және Махамбетте 5089 гектарға дейін ұлғайтылады деп күтілуде.

Соңғы жаңалықтар