17:58, 02 Маусым 2009 | GMT +5
«Ауыл жастары» жалпыұлттық бастамасын іске асыруға 10 миллиардтан астам қаржы қарастырылып отыр
АСТАНА. Маусымның 2-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін еліміздегі жастар ұйымдарының өкілдері ақпарат құралдарының өкілдерімен бас қосып, 2009-2011 жылдарды қамтитын «Ауыл жастары» жалпыұлттық бастамасын іске асыру мақсатында құрылған арнайы жоспармен таныстырды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Білім және ғылым министрлігінің Тәрбие жұмыстары және жастар саясаты департаментінің директоры Ерлан Әукеновтың сөзіне қарағанда, Елбасының «Нұр Отан» партиясының жастар қанаты «Жас Отан» ұйымының съезінде мемлекет алдына қойған міндеттерге сәйкес, Үкімет «Ауыл жастары» жалпыұлттық бастамасын жүзеге асырудың жоспарын бекіткен. «Аталмыш жоспардың басты мақсаты ауыл жастарын қолдау болып отыр. Ал жоспар негізгі 9 бағыт бойынша жүзеге асырылмақ. Атап айтқанда, құжат жастардың әлеуметтік құқықтары мен кепілдіктерін қамтамасыз ету, ауылдағы ақпараттық теңсіздікті жою, ауылға келіп жатқан жас мамандарды қолдау, ауыл жастарының үкіметтік ұйымдарын дамытып жастардың көшбасшылық қасиеттерін жетілдіру, олардың арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, жас таланттарды қолдау және ауыл жастарын қолдауға қатысты заңнаманы жетілдіру сияқты мәселелерді қамтиды. Көріп отырғандарыңыздай, біз мұнда ауыл жастарының ең өзекті деген мәселелерін назарға алып отырмыз. Олар бойынша болашақта тиісті жоспарға сай нақты шаралар атқарылатын болады», деді департамент директоры. Оның айтуынша, осы мақсатта атқарылатын шаралардың жоспары бойынша, еліміздің ауылдық аймақтарына жұмыс іздеп келген жас мамандарға республикалық және жергілікті бюджет есебінен бір жолғы төлемдер мен жәрдемақылар және материалдық көмектер көрсету қарастырылған. Сонымен қатар, ағымдағы жылдан бастап, ауылдық аймақтардағы ауыл шаруашылығына жатпайтын саладағы кәсіпкерлік шараларын қаржыландыруды ұлғайту жоспарланып отыр. «Бұған қоса ауыл жастары үшін қосымша білім беру жүйесі енгізіліп, аулалық клубтар мен спорттық алаңдар салынып, олардың материалдық-техникалық базалары жетілдірілмек. Бұл мақсаттарға қазір 4 миллиардтан астам теңге қарастырылып отыр. Жалпы алғанда «Ауыл жастары» бастамасын жүзеге асыру бағытында дайындалған жоспар ауыл жастарын қолдауға және ауылды қажетті мамандармен қамтамасыз етуге зор мүмкіндік тудырады», деді Е.Әукенов. Оның мәліметтері бойынша, жоспарды жүзеге асыру үшін бөлінген қаржының көлемі 10 миллиард 738 миллион теңгені құрайды. Оның 2 миллиард 806 мың теңгесі 2009 жылға арналса, 3 миллиард 379 миллион теңгесі 2010 жылы жаратылмақ. Сондай-ақ 2011 жылға 4 миллиард 552 мың теңге қарастырылған. «Осы орайда айта кететін мәселе, жоспарда бекітілген шаралардан бөлек қазір Үкімет тарапынан тағы қосымша жоспар бекітілген. Сөйтіп, қазір ауыл жастарын қолдау мақсатында Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардан бөлінген қаржы 1 миллиард АҚШ долларына жетіп отыр», деді департамент директоры.