Ауылдағы музыка мектебінің оқушылары республикалық және халықаралық байқауларда табысты өнер көрсетіп келеді
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Құрылғанына үш-ақ жыл болған, Меруерт Ғаббасова басшылық ететін музыка мектебі оқушылары таяуда Астана қаласында өткен, белгілі күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Секен Тұрысбеков, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Орынбай Дүйсенов, Раушан Мұсаходжаева сынды өнер майталмандары қазылық еткен халықаралық ІV «Ақ көгершін» балалар музыка шығармашылығы байқауынан олжалы оралды. Дирижер әрі композитор, мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты Еркін Нұрымбетов жетекшілік ететін халық аспаптар оркестрі мен «Балдырған» балалар би ансамблі (балетмейстері Слана Имашева) бас жүлдені жеңіп алса, Гүлім Атошева (оқытушысы Жәмила Нұрымбетова) қобыздан бірінші орынды еншіледі. Сондай-ақ домбырадан Омар Ғаббасов дипломант атанса, өзге өнерлі балалар да елеусіз қалған жоқ. Еркін Нұрымбетовтің айтуынша, подстепныйлықтар өткен жылы қарашада Алматыда өткен «Ақ көгершін» республикалық байқауында табысты өнер көрсетіп, аталмыш халықаралық сынға жолдама алған болатын.