Ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға айрықша көңіл бөліне беретін болады - «Нұр Отан» ХДП БҚО филиалы төрағасының орынбасары А.Шыныбеков
Оның айтуынша, өңірде осыған сәйкес 2008 жылдан бері бес бірдей семинар-кеңес өткізілді. Жастар саясаты, кәсіпкерлікті дамыту мәселесімен тиісті басқармалар айналысатын болса, облыстық филиал аталмыш жайтты өз назарына алды. Мәселен, таяуда осындай жиын Жәнібек ауданында өткізілді. Онда «нұротандықтармен» қатар аудан, қала әкімдерінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасарлары, ішкі саясат бөлімдерінің меңгерушілері, «Жас Отан» жастар қанатының жетекшілері бас қосып, өз ой-пікірлерін ортаға салды. Жәнібек ауданының әкімі Рыспай Өтешев партия бағдарламасына сәйкес ауыл-аймақта атқарылған жұмыстар барысымен таныстырды. Шындығында соңғы кезде әлеуметтік нысандарды күрделі жөндеу, елді мекендерді абаттандыру бағытында біраз жұмыстар жасалуда.
Абат Шыныбековтың сөзіне қарағанда, осындай бағыттағы жиын алдағы жылы да ұйымдастырылатын болады.