Ауыр атлетикадан әлем чемпионатынан оралған жеңімпаздарға құрмет көрсетілді - Талдықорған

ТАЛДЫҚОРҒАН.   Желтоқсанның 5-і. ҚазАқпарат /Сандуғаш  Дүйсенова/ -   Бүгін Талдықорғанның  орталық алаңында      Оңтүстік Кореядағы  ауыр атлетикадан  әлем  чемпионатынан   оралған   жүлдегерлерді марапаттауға арналған    салтанатты    шара    болды, 
None
None

 деп   хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 Жеңімпаздардың  арасында Алматы  облысының  төрт  спортшысы- Майя Майнеза, Зульфия Чиншанло, Владимир Седов, Светлана Подобедова  бар.

 Астанадан осынау шараға  арнайы  келген Туризм және  спорт министрі    Темірхан Досмұхамбетов      Елбасы  Нұрсұлтан  Назарбаевтың    құттықтауын   оқыды.

 «Оңтүстік Кореяда  аяқталған  ауыр атлетикадан әлем чемпионаты  Қазақстан  спорты  үшін  жұлдызды сәт болды.    Байрақты бәсекеде    сіздер   төрт  алтын және бір қола медаль    алып,   жалпы командалық есепте екінші   орынға  көтерілдіңіздер.     Бұл  -  қазақстандық  команданың спорттың  олимпиадалық түрлері  бойынша  әлемдік  деңгейдегі  жарыстардағы     тамаша   жеңісі.  Құраманың   жаттықтырушылар   құрамымен,  жерлестеріңізбен және барша қазақстандықтармен бірге  сіздердің  осынау тамаша жеңістеріңізді мақтан етемін»,- делінген      құттықтау жеделхатында.

 «Талдықорған    ауыр атлетикадан  әлемдік  чемпиондардың  нағыз   шеберханасына айналып отыр! Сіздерге    үлкен алғыс.   Бүгінгі  мүмкіндікті  пайдалана отырып,     спортшыларға  барынша жаңдай  жасап  отырғаны  үшін  облыс әкімі  Серік Үмбетовке   шынайы  алғысымды білдіргім келеді.     Қазақстандық  ауыр атлетика  командасының тамаша жетістіктеріне  бүгінде әлем  жұртшылығы   тәнті  болып отыр.   Бұл   ел тәуелсіздігі тойына   жасалып отырған   тамаша   сыйлық!  Бұл    олимпиадалық құраманың  қоржынына  салынған және    отандық спортты  дамытуға   қосылған      нақты және    қомақты үлес»,  деп  атап көрсетті  министр  Т.Досмұхамбетов   өз  сөзінде.

 Чемпиондарды  облыс әкімі   Серік Үмбетов те құттықтады.   Алтын медаль иегерлерінің  жеңісін  тағы да   айтып өткен  әкім,   облыс  тұрғындарының атынан        спортшыларды қолдауға      қолдан келген мүмкіндіктің бәрін  жасауға  уәде берді.

 Сондай-ақ  әкім   алтыннан алқа таққан   төрт спортшыға   - Майя Майнеза, Зульфия Чин Шан Ло, Владимир Седов  және Светлана Подобедоваға  екібөлмелі пәтерлердің кілттерін    және   750 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлықтар табыс етті.    Чемпиондардың жаттықтырушыларына да  ақшалай сыйлықтар берілді.

 Оңтүстік Кореяның Гоянг-Сити қаласында ауыр атлетикадан өткен әлем чемпионатында отандастарымыз 4 алтын, 1 қола медаль иеленгенін  ҚазАқпарат  бұдан бұрын    хабарлаған болатын.

Жалпы командалық есепте Қазақстан құрамасы 2-ші орынды иеленді.

 Әлем чемпионаты қарашаның 20-29 аралығында өткен болатын. Қазақстан құрамасында өнер көрсеткен Зульфия Чиншанло, Мая Манеза, Владимир Седов, Светлана Подобедова алтын,  Владимир Кузнецов қола медаль иеленді.

Соңғы жаңалықтар