«Ауыз су» бағдарламасының арқасында тасымалданатын суды пайдаланатын елді мекендер 2 еседен астам қысқарған
![None None](/static/img/plug.webp)
Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» партиясы жанындағы Жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Марат Оразаев мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, «Ауыз су» бағдарламасының арқасында суды орталықтандырылған су жүйелерінен алатын азаматтар санын республика бойынша 23 пайызға, ал жекелеген аймақтар бойынша 33 пайызға арттыруға мүмкіндік туды. Бұл мақсаттар үшін барлық қаржы көздерінен 205,5 миллиард теңге жұмсалды. Ал алдын ала жоспар бойынша бұл бағытқа 300 миллиард теңге жұмсалуы қажет болатын.
«Сондай-ақ республикалық және жергілікті бюджеттерден 200,5 миллиард, жекелеген субъектілерден 5 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді. Осы ретте айта кететін мәселе жергілікті бюджеттен бөлінетін қаржы еліміздің барлық аймағында біркелкі емес. Айталық, Қызылорда, Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Ақтөбе және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы жоспарда белгіленген көрсеткіштер мен нақты көрсеткіштер арасында үлкен айырмашылық бар»,-деді вице-министр.