16:04, 14 Наурыз 2009 | GMT +5
Ауызбіршілік болған жерде алынбайтын асу жоқ ?қала активінің жиналысы
ҚЫЗЫЛОРДА. Наурыздың 14-і. ҚазАқпарат (Руслан Игілік) - Кеше А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет орталығында Қызылорда қаласы активінің жиыны өтті.
Онда Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған "Дағдарыстан - дамуға" атты Жолдауынан туындайтын міндеттер сараланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Жолдауды халыққа түсіндіру мен насихаттау жөніндегі іс-шаралар туралы қала әкімінің орынбасары Абзал Мұхимов баяндама жасады. Ол Жолдаудың әлеуметтік салаға, оның ішінде білім, мәдениет, халықты әлеуметтік қорғау салаларына зор басымдықтар беріп отырғанын атады. Жаһандық қаржы дағдарысы кезінде білім алуды көксеп, болашаққа зор үмітпен ұмтылған бүгінгі студент жастар үшін де бұл құжат өзегінің өзгеше екені мәлім. Міне, дәл осы жағдайда оқу ақысын төлеуге мүмкіндігі жоқ білім алушыларға қосымша 11 мың грант, 40 мың несие бөлінді. Көптің көңілін көтерген бұл Жолдаудың мазмұны мен маңызы дағдарыс ауыртпалығын артта қалдырып, мемлекет дамуының даңғыл жолын айқындауға бағытталып отыр.
Қалаға экономикалық, әлеуметтік және экологиялық пайда әкелетін, сонымен қатар арнайы білімі жоқ тұлғаларды уақытша жұмыспен қамтуды қамтамасыз ететін қоғамдық жұмыстарға биыл 1940 адамды қамту жоспарланған. Оған 82,4 млн. теңге қаржы қаралып, дағдарысқа байланысты қосымша 500 адамды қоғамдық жұмысқа тарту үшін 20,0 млн. теңге бөлінген. Сондай-ақ 485 жұмыссызды кәсіби оқытуға 8,8 млн. теңге қаржы қаралған. Бүгінгі күні қаланың еңбек нарығындағы экономикалық жағдайы бірқалыпты. Жұмыссыздық саны өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға төмендеген. Сонымен бірге биылғы жылы қалада 4800 жаңа жұмыс орнының ашылуы жобаланған. Қала әкімінің тапсырмасымен жұмыспен қамту картасы әзірленген.
2008-2010 жылдарға арналған тұрғын үй құрылысын дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, қалада ипотекалық және жалға берілетін тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде. Бұл мақсатқа биыл республикалық бюджеттен 1 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлініп, бір 40 пәтерлік және 6 жалға берілетін тұрғын үй құрылыстарының жұмысы жалғасуда. Инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалар құрылысы арқылы, оның ішінде "100 мектеп, 100 аурухана", "2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік тұрғын үй құрылысын дамыту бағдарламасы", "Әлеумет" және "Ауыл" өңірлік бағдарламасы шеңберінде жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы халықты жұмыспен қамтуды ұлғайтудың қосымша шараларын қарастыру да қала әкімдігінің назарында. Елбасының өзі айтқандай, "Саусақ бірікпей, ине ілікпейді", яғни, барлық уақытта да бірлесіп тірлік еткенде ғана үлкен іс бітетініне айрықша тоқталған қала әкімі жиынға қатысушыларға ұйымшылдықпен, бірлікпен, түсіністікпен еңбек етуге шақырды.