Австрия Қазақстанның туристік әлеуетін дамытуға көмектесуге әзір екенін білдірді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның Аустриядағы Елшісі Қайрат Сарыбай Каринтия аустриялық федералдық жерінде жұмыс сапарымен болды.
None
None

Сапар ауқымында федералдық өңірдің саяси басшылығымен, іскерлік және мәдени топтарымен, атап айтқанда жер парламентінің президенті Райнхарт Рормен, Каринтияның жері үкіметі басшысының орынбасары Беате Преттнермен, жетекші өнеркәсіп компанияларының өкілдерімен, сондай-ақ Филлахе қаласының фольклорлық фестивалінің ұйымдастырушыларымен кездесулер өтті, деп хабарлады ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Каринтия басшылығымен кездесулер кезінде аустриялық тарап Қазақстанның саяси және экономикалық жағдайы, бес институционалдық реформа мен оны жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» аясында еліміздің ілгері даму жоспары туралы және «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандырылған көрмеге дайындық, «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыру, 2017 жылғы Қысқы Универсиаданы өткізу аясында Қазақстанмен ынтымақтасу мүмкіндіктері туралы хабарланды.

Қ.Сарыбай Каринтияның Қазақстанмен ынтымақтастығын жолға қоюға мүдделі жетекші индустриялық компаниялар басшылығымен кездесіп, олар Қазақстандағы өз жобалары мен жоспарлары туралы ақпарат берді. Аустриялық іскерлік топтарының өкілдері алдағы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне қызығушылық танытып, оның «Болашақтың энергиясы» атты тақырыбы Каринтияның энергияның экологиялық таза және жаңартылмалы түрлері дамуында зор тәжірибесі бар фирмаларының мүдделеріне сай деп атап өтті. Каринтияның қысқы спорт түрлерін дамытуда тәжірибесі мол компаниялары, оның ішінде «Bellutti Planen Klagenfurt GmbHС» компаниясы Алматы қаласында өтетін 2017 жылғы Қысқы Универсиадаға әзірлікке атсалысуда.

«ЭКСПО-2017» мен Алматыдағы Қысқы Универсиадаға әзірлікпен қатар, аустриялық серіктестер, Қазақстанның туристік әлеуетін дамытуда қолғабыс көрсетуге дайын екендігін білдірді.

Елші, сонымен қатар, Филлахе қаласында жыл сайын өтетін Еуропаның ірі фольклорлық фестивалі ұйымдастырушыларымен және қала басшылығымен кездесіп, Қазақстанның іс-шараға қатысу мүмкіндігімен танысты.

Соңғы жаңалықтар