14:42, 03 Тамыз 2012 | GMT +5
Аяғы ауыр ерікті қызды итеріп жіберген орыс журналисі олимпиадалық аккредитациясынан айырылды
АСТАНА. 3 тамыз. ҚазАқпарат - «Весь спорт» агенттігінің бас редакторы Андрей Митьков аяғы ауыр еріктіні итеріп жібергені үшін олимпиадалық аккредитациясынан айырылды.

Бұл жайында «Р-Спорт» агенттігіне Ресей олимпиадалық командасының баспасөз атташесі Мария Киселева мәлім етті.
Скотланд-Ярд мәліметтері бойынша, Митьков ExCel Centre аренасының шектеу қойылған аймағына өтуге тырысқан. Осы мезетте оның алдын қара нәсілді келіншек бөгеп, оны өткізбеуге тырысқан. Бұған шамданған журналист оны итеріп жіберген көрінеді. Осыдан кейін келіншек полиция шақырып, олар Митьковты алып кеткен.
16-18 сағат бойы полиция бөлімшесінде болған орыс журналисі кеше Мәскеуге оралған болатын. Дегенмен, ол 6 тамыз күні Лондонға қайта баруды жоспарлауда.