Әйтеке биде кәсіпкерлік жақсы дамып келеді - Ақтөбе облысы

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Бүгінде облыс орталығын айтпағанда, аудандағы кәсіпкерлердің өнімдері де ерекше сұранысқа ие. Оған дәлел - жыл өткен сайын елді мекендерде орналасқан өндіріс орындары тауар санының һәм өнім көлемінің артуы, деп жазады «Ақтөбе» газеті.
None
None

Шалғайда кәсібін дөңгелентіп отырғандар мемлекеттік бағдарлама бойынша несие алып, жұмысын жандандыруда да қаладағы бәсекелестерінен бір бас жоғары. Ең бастысы, олардың көпшілігі жас, яки болашағы зор.

 Газет тілшісі жұмыс сапарымен Әйтеке би ауданына барып, ондағы шағын бизнестің қаншалықты өрістеп жатқанына көз жеткізіп келді. Сондай-ақ, аудандық кәсіпкерлік бөлімі, жұмыспен қамту орталығы өкілдері ауылдағы іскер азаматтардың аяқ алысы жөнінде жауап берді.

 «Дамудың» хабарландыруы

 Аудан орталығы - Комсомол ауылының тұрғыны Елдос Нұртайдың мамандығы - денешынықтыру пәнінің мұғалімі. Әйтсе де, 23 жастағы жігітке осыдан 2 жыл бұрын тәуекелге бел буып, жеке кәсібін бастауға бұл кедергі бола алмаған. Әрине, осы істе оған ата-анасы қолдау білдіріпті. Бүгінде сол өзі көзсіз ерлікке балаған кәсібінің нәсібі айтарлықтай. Құрылысқа қажетті түрлі қырлы тастарды, газоблоктарды шығаратын өндіріс орнының жұмысы қызып тұр.

- Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті денешынықтыру және спорт мамандығының түлегімін. Бірақ, қолыма дипломымды алған соң, мектепте жұмыс істеуді онша қолай көрмей, екіойлы боп жүргенмін. Бір күні қалада жүргенде көшеден «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамының хабарландыруын көзім шалды. Олар кәсібін бастауға ниетті жастарға несие беріп, демеу көрсетеді екен. «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» деп Абай атамыз айтпақшы, өмірдегі өз орнымды осы саладан табуды жөн көрдім. Сөйтіп, «Бизнестің жол картасы - 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 4 жылға бөліп төлеуге 3 миллион теңгені қарызға алдым. Ол қаражат жұмысқа қажетті трактор, қондырғыларды сатып алуға жұмсалды, - дейді Е.Абайұлы.

Негізінен жиектастардың түр-түрін, құрылысқа қажетті өзге де заттарды жасайтын кәсіпорынды отбасылық деуге болады. Елдос оның иесі болса, әкесі мен інісі де осы істің басы-қасында, ал анасы - есепші. Мұнда барлығы 7 адам еңбек етеді. Жұмысшылардың орташа еңбекақысы - 62 мың теңге.

Аудандық әкімдік жас кәсіпкердің шаруасының ілгерілеуіне мұрындық болуға бекініп, жуырда Комсомолдан 1 гектар жерді бөліп беріпті. Енді іскер жігіт кәсібін кеңейтіп, өндіріс көлемін одан сайын ұлғайтуды мақсат етіп отыр.

«Алғашында қай істің де қиындығы болатыны сөзсіз. Біз мұндай кірпіш түрлерін жасаудың технологиясын білмей, біраз әуре-сарсаңға түстік. Оны игеріп кеткеннен кейін қай жағынан да жұмысымыз жеңілдеді» деп ағынан жарылады ол.

Айтпақшы, кәсіп иесінен білгеніміздей, жиектастардың бір шаршы метрінің нарықтағы құны - 2 мың теңге. Басқа өндірушілерден сәл арзандау болғанынан шығар, Елдостың қырлы тастарын саудалауға облыстың барлық аудандарынан келушілер аз емес екен. Жас кәсіпкер болашақта көршілес облыстарды да өнімімен қамтуды жоспарлап отыр.

Алмабектің жиһаздары

 - Жиһаздардың көптеген түрін жасаймыз. Асүйге арналған жиһаздардан бастап, қонақ бөлмеге қойылатын жұмсақ дивандарды дайындаймыз. Сондай-ақ, әрине, шкаф, орындық, басқа да үй тұрмысына қажетті жабдықтарды біздің өндірістен табуға болады. Өзімнің мамандығым - дизайнер болғандықтан, жұмысшылармен бірге кез келген істі атқара беремін, - деп әңгімесін бастаған Алмабек Төлеповтың осы кәсіпке ден қойғанына 9 жыл болған. Сол аралықта талай қызық пен қиындықты бастан кешірген ол ауылда жатып-ақ бизнесті жүргізуге болатынын айтады.

Шағын кәсіпкерліктің иесінің сөзінше, оның жасаған жабдықтарын ауыл тұрғындарынан бөлек, Ақтөбе қаласынан арнайы келіп, алып кететіндер бар көрінеді. Негізінен тапсырыс бойынша жұмыс істейтін жігіт кез келген үйге барып, бәрін өлшеп-бағамдап, көп ұзамай жиһаздың қаншаға шығатынын, жеткізетінін тілге тиек етеді. Айталық, асүй жиһазының құны 22-120 мың теңге аралығында болса, жұмсақ жиһаздар 35 мың теңгеден жоғарыға бағаланады екен. Не нәрсенің де алдымен қолжетімді, сосын ыңғайлы болуын қадағалайтын шебер қажет кезде несиеге де, тіпті жиһаз құнының көп бөлігі төленген жағдайда ешқандай пайызсыз бөліп төлеуге де беретінін білдірді.

- Бізді қуантатыны, өнімдерімізге сұраныс бар. Әсіресе, өзіміздің Комсомол ауылының тұрғындары тарапынан қызығушылық басым. Осындай көл-көсір ынта-ықылас барда неге жұмыс істемеске?!

Былтыр мемлекеттік бағдарламамен 1,5 миллион теңге несие алдым. Бұйыртса, оны 2018 жылы төлеп құтыламын. Ол ақшаға екі қабатты ғимаратты салдым. Бәрі сәтімен жүзеге асса, алдағы уақытта шаштараз ашпақ ойым бар. Халыққа қызмет ете отырып, пайдаға кенелсем, екі тарапқа да оның шарапаты мол болады деп ойлаймын, - деп жоспарымен бөлісті ол.

Биыл тағы да несие алғысы келетін Алмабек қазіргі күні 6 адамға жұмыс беруші екенін айтты. Қарамағындағылардың еңбекақысы - 30 мың теңгеден басталады.

Әңгімелесушімізден сөз арасында сатып алушылардың тарапынан, әсіресе, асүй жиһаздарына сұраныстың мол екенін білдік. Онысы түсінікті де, жылма-жыл бала саны, тиісінше жас шаңырақтар көбейіп отырған Әйтеке би ауданында жеке-дара түтін түтеткісі келетіндер, оның ішін заттармен толтыруға ниеттілер баршылық.

Тағы бір айта кетерлігі, ескі жиһазды жаңартуды құп көретіндер, сол арқылы шығынын азайтуды ойлайтындардың қатары соңғы уақытта артыпты. Қысқасы, ағаштан түрлі бұйымдар дайындайтын әйтекебилік азамат ақысын берсе, сан алуан істің қиюын келтіретінін білдірді.

Айтпақшы, таяуда аталмыш өндіріс орнына Ресейдің бізге жақын орналасқан елді мекендерінен тапсырыстар түсе бастаған екен. Бұған кәсіпкердің ерекше қуанышты екені айтпаса да түсінікті...

«139 миллион теңгеге несие берілді» 

Мұрат Сейтенов, Әйтеке би аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры:

- «Жұмыспен қамту - 2020» жол картасы мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты бойынша осы жылы өз ісін ашатын ойы бар, болмаса бизнесін дамыту үшін республикалық бюджеттен 187 миллион теңге бөлінді. Соның ішінде жеке ісін ұйымдастыруға және кеңейтуге ерекше басымдық берілген.

Соңғы мәліметтерге сүйенсек, жоғарыда аталған бағдарламаға қатысушы 66 адамға 139,6 миллион теңге көлеміндегі шағын несие рәсімделді. Жыл сайын бұған қатысушылардың саны артып отыр. Бұл бізді қуантады, әлбетте.

Жастар тәжірибесіне 25 түлек жіберілсе, кәсіптік даярлауға 29 адам қатысты. Сол 29 адамның 20-сы жұмысқа орналасты. Жалпы алғанда, жұмыс істеуге ниетті қыз-жігіттердің қатары көп.

Өкінішке қарай, ауданда жұмыссыздар да бар. Мәліметтерге сай, олардың саны - 522.

«Жұмыспен қамту - 2020» жол картасы мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында республикалық бюджеттен Әйтеке би ауданына 373,7 миллион теңге бөлінді.

 

Соңғы жаңалықтар