Айыппұл төлемегендер мемлекеттік қызметтен қағылуы мүмкін - Бас прокуратура

«Ішкі істер органының тәжірибесі негізінде айыппұлын төлемеген борышкерлерге мемлекеттік қызмет ұсынудан бас тарту мәселесін зерттеу керек. Әрине, ондай бас тартылатын қызметтердің ішінде әлеуметтік маңыздылары қосылмауы керек. Менің ойымша, барлық уәкілетті органдар осы жұмысқа тартылуы керек. Соның ішінде Құқықтық статистика жөніндегі комитетті де тартып, оның ақпараттық сервисін пайдалану мүмкіндігін ойластырған ләзім», - деді А.Дауылбаев.
Осыған орай, Бас прокурор комитет басшысына барлық уәкілетті органдар үшін өзінің мүмкіндігін таныстырып, көрсетуді жүктеді.
Еске сала кетейік, Бас прокуратураның мәліметінше, қазіргі таңда елімізде салынған айыппұлдардың тең жартысына жуығы өндірілмеген күйінде қалып жатыр.
«Өкінішке қарай, біз тіпті айыппұл өндірудің 50 пайыздық көрсеткішін еңсере алмай келеміз. Сонымен бір мезгілде «Нұрлы жол» даму бағдарламасында қарастырылған инфрақұрылым жобаларын жүзеге асыру аясында бюджетіміз де осы қаражаттардың өндірілуін барынша қажет етеді», - деді Бас прокурор.