20:54, 29 Желтоқсан 2011 | GMT +5
Азат Перуашев Талдықорғандағы «Қайнар» аккумулятор зауытының еңбек ұжымымен кездесті
АСТАНА. 29 желтоқсан. ҚазАқпарат - Талдықорғанда «Ақ жол» партиясының республикалық сайлауалды штабының үгіт-насихат тобы Азат Перуашевтың қатысуымен, сондай-ақ олимпиада чемпионы Б. Сәрсекбаевтың, «Қазгранит» компаниясының президенті А. Әбілдаевтың, «Жас маман» жастар қозғалысының көшбасшысы Е. Ілиясовтың, Алматы облысының кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы Н. Жазылбекованың қатысумен аймақтық партия активтері бірқатар сайлауалды шараларды өткізді.
Бұл туралы «Ақ жол» ҚДП-ның баспасөз қызметі хабарлады.
Олар Талдықорғанның «Қайнар» аккумулятор зауытының еңбек ұжымымен кездесті. Бұл зауыт Орталық Азия мен ТМД-ғы ең ірі электротехникалық өндірістік компаниялардың бірі саналады.
Үгіт-насихат тобының мүшелері мекеменің жұмысшылары мен мамандарын сайлауалды партияның тұғырнамасымен таныстырды.
Сондай-ақ «ақжолдықтар» алдағы Парламент Мәжілісінің және мәслихаттың сайлауына белсенділік танытып, қатысуға шақырды.
Сонымен қатар республикалық сайлауалды партия штабының мүшелері аймақтық үйлестірушілермен отырыс өткізді. Олар жүріп жатқан үгіт-насихат жұмысымен таныстырып, бақылаушылардың жұмысын ұйымдастыруына байланысты мәселерге тоқталды.