Әзірбайжан Републикасындағы Қазақстан елшілігінің ашылуына 15 жыл толуына орай Ақтаудан бір топ делегация салтанатты шараға қатысып қайтты

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әзірбайжан еліндегі ҚР елшісі Серік Пірімбетовтің арнайы шақыруымен 16 желтоқсан күні Бакудегі «Гүлстан» сарайында өткен ҚР Тәуелсіздігінің 18 жылдығына және Әзірбайжан Републикасындағы Қазақстан елшілігінің ашылуына 15 жылдығына арналған шараға Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің проректоры Нағбду Қамарова бастаған студенттік филармония студенттері қатысып келді.
Студенттерден құралған өнерпаз топ пен маңғыстаулық әнші, бишілер «Гүлстан» Президенттік сарайында Қазақстан Әнұранын шырқап, 1 сағатқа жуық ән мен жыр, би мен күйден шашу шашқан.
Әзірбайжан елінің ыстық ықыласына риза болып қайтқан Ш.Есенов атындағы КМТЖИ университетінің 4 курс студенті Елбаев Бүркітбайдың айтуынша, сахнаға шығып сөз алғанӘзірбайжан Републикасындағы Қазақстан елшісі Серік Пірімбетов Қазақстанның тәуелсіздігі, жүріп өткен жолдары мен жетістіктері туралы баяндаған.