Азық-түлік нарығындағы баға өсімін қақпайлау үшін өңірлік штабтардың жұмысын жандандыру қажет. -А. Күрішбаев
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, бұл орайда жергілікті жерлердегі азық-түлік нарығында қалыптасқан жағдайды талдап, бағаның өсіміне ықпал етіп отырған себептердің бәрін жою үшін қажетті шараларды қабылдау қажет. «Екіншіден, «Сауда қызметін реттеу туралы» заңның нормасын мүлтіксіз орындауды қамтамасыз ету керек. Бұл заң нормасы әлеуметтік маңызы зор азық-түлік тауарларын жеткізу жөніндегі келісімшартты бекіту кезінде қосылатын үстеменің шекті мөлшерін міндетті тәртіпте бекітуге мүмкіндік береді. Ағымдағы жылға дейін аталмыш норма болған жоқ және заңнамалық негіздің жоқтығына байланысты жергілікті жерлерде баға түзу үдерісіне ықпал ету қиынға соқты. Енді аталмыш проблема шешімін тапты. Жергілікті атқарушы органдар азық-түлік тауарларын сатушылармен меморандумдарды бекіту кезінде қосылатын үстемелердің шекті мөлшерін бекітуді талап етуге және оның орындалуын бақылауға мүмкіндік алып отыр», деді А. Күрішбаев.
Оның айтуынша, үшіншіден - азық-түлік тауарларының жәрмеңкелерін тұрақты өткізу жөніндегі жұмысты күшейту, ауылдық тұтынушы кооперативтерді, сервистік-дайындаушы орталықтарды құру есебінен өнімдерді дайындау және сату жүйесін қалыптастыру жөніндегі жұмысты жалғастыру қажет. Бұл азық-түлік тауарларын тұтынушыларға делдалдарсыз-ақ жеткізуге мүмкіндік береді.
А. Күрішбаев жоғарыда атылған шұғыл шаралардан бөлек, әлеуметтік маңызы зор азық-түлік тауарларының негізгі түрлерінің бөлшек бағасының деңгейін төмендетуге және инфляциялық үдерістерді ұстап тұруға бағытталған стратегиялық сипаттағы бірқатар жүйелі шараларды қабылдау қажеттігін атап көрсетті.