Б. Байбек «Нұр Отан» ХДП-ның жаңа Саяси доктринасы жобасының соңғы нұсқасын әзірлеуді тапсырды

Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санында жазды.
Шара барысында Жұмыс тобы мен Сарапшылар кеңесі мүшелерінің ұсыныстары негізінде әзірленген Доктрина жобасы қаралды. Жұмыс тобының отырысын ашқан «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек өңірлерге жасаған жұмыс сапарлары барысында партиялықтар тарапынан айтылған ойлар мен ұсыныстардың және түрлі саладағы қызметкерлер мен жастардың, жалпы халықтың пікірлері де көрініс тапқанын айта келіп, отырыста қаралатын жобаның осымен үшінші толықтырылған нұсқасы екендігін назарға салды.
Доктринаны әзірлеу ашық жүргізіліп, оған қоғамымыздың әрбір мүшесі өз ойларын жеткізе алды. Парламенттегі біздің партия фракциясының мүшелері өздерінің өңірлерге баратын сапарларында Доктринаның жаңа жобасы жайында халықпен пікірлесетін болады. Ал алдарыңыздағы осы маңызды құжаттың жобасы партия құрылымдарының әрбір ұйымдарында қаралды, ұсыныстармен толықты. Қазіргі жоба нұсқасы 7 бөлімнен тұрады. Онда Доктринаны қабылдаудың мақсаты, қабылдануының тарихи маңыздылығы негізделген. Және құжатта еліміздің тұрақты дамуына бағытталған құндылықтарға мән берілген. Қоғамымызды еңбекқорлыққа шақырып, адами құндылықтар - адамгершілік пен ізгі қасиеттерді құндау, әділеттілік пен отбасылық дәстүрді қадірлеу және салт-санаға құрмет білдіру сынды қоғамды жақсылыққа үндер қағидаттар қарастырылып отыр. Біздер үшін маңыздысы - Доктринада партиямыздың идеологиялық тұғырнамасы келіп түскен көптеген ұсыныстар негізінде саяси центризм болып белгіленуінде, - деді партия Төрағасының бірінші орынбасары.
Талқылаудың қорытындылары бойынша Жұмыс тобының мүшелері партиялық Доктрина жобасын одан әрі әзірлеу жөніндегі ұсыныстарын айтты. Бауыржан Байбек олардың барлығы есепке алынатынын айта келе, жұмыс тобының келесі отырысына дейін Доктринаның соңғы нұсқасын әзірлеуді тапсырды.