15:36, 30 Қазан 2015 | GMT +5
Б.Сағынтаев Airbus Group вице-президенті С.Дэлонэмен ынтымақтастықтың басымдықты бағыттарын талқылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Airbus Group вице-президенті (ТМД) Сильвер Дэлонэмен кездесу өткізді, деп хабарлады www.primeminister.kz.
Кездесу ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Францияға сапары қарсаңында өтті.
Келіссөздер барысында тараптар Airbus Group-пен серіктестіктегі бар жобаларды жүзеге асыруды талқылады, сондай-ақ болашақ ынтымақтастықтағы басымдықты бағыттарды белгіледі.
Airbus Group аэроғарыш және қорғаныс салаларындағы, сондай-ақ оларға байланысты қызметтерді ұсынуда әлемдік көшбасшы болып табылады.
Қазақстанда Топ келесі жобаларға қатысады: «Еврокоптер Қазақстан Инжиниринг» бірлескен кәсіпорны (ЕС145 тікұшақтарын құрастыру, оларға қызмет көрсету және тікұшақ мамандарын қайта оқыту), «Қазақстан Ғарыш Сапарымен» ынтымақтастық (Құрастыру-сынау кешенін құру және Жерді қашықтан зондтау және байланыс спутниктерімен жұмыс жасау).