Б.Сағынтаев: Арнайы экономикалық аймақтардың инфрақұрылымдық нысандарын салуға 81 млрд. теңге бөлінеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Атырау ұлттық индустриалды-техникалық парк пен «Қорғас-Шығыс қақпа» аймақтарының инфрақұрылымдық нысандарын салуға 81 млрд. теңге бөлінеді.
None
None

Бұл туралы бүгін «Қазақстан-2050» демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясының отырысында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев мәлім етті.

Оның атап өтуінше, бүгінде елімізде 10 арнайы экономикалық аймақ жұмыс істеуде. Олардың инфрақұрылымын салуға республикалық бюджеттен шамамен 102 млрд. теңге бөлінген. 2-і аймақтың, атап айтқанда «Оңтүстік» пен «Бурабай» арнайы экономикалық аймағының құрылысы толығымен аяқталған.

«Үш аймақтың құрылысы бітуге жақын. Атап айтқанда, «Астана жаңа қала» инфрақұрылымы 80 пайызға, «Сарыарқа» 90 пайызға және инновациялық технологиялар паркінің 1-ші кезеңі толығымен дайын. Қалған 5 АЭА-нің инфрақұрылымының құрылысы биыл басталды», - деді ол.

Бірінші вице-премьердің сөзіне қарағанда, аталған аймақтардың инфрақұрылымын аяқтауға қажетті қаржы алдағы үшжылдық кезеңге арналған республикалық бюджет жобасына қарастырылған.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, арнайы экономикалық аймақ аумақтарындағы Атырау қаласындағы ұлттық индустриалды-техникалық парк пен «Қорғас-Шығыс қақпа» инфрақұрылымдық нысандарын салуға 81 млрд. теңге бөлінетін болады. Бұдан бөлек, өңірлерде жаңа индустриалды аймақтардың құрылыстары жүргізілуде. Олардың аумақтарында шағын және орта бизнес өндіріс ошақтары орналастырылатын болады. Қазіргі уақытта 25 индустриалды аймақ құрылып, оның 10-ы жұмыс істеп тұр», - деді Б.Сағынтаев.

Соңғы жаңалықтар