Б.Сағынтаев Дүниежүзілік банктің аймақтық директорымен Қазақстандағы экологиялық және су жобаларын жүзеге асыруды талқылады
Бақытжан Сағынтаев пен Орталық Азиядағы Дүниежүзілік банктің аймақтық директоры Сарож Кумар Джа Қазақстандағы экологиялық және су жобаларын іске асыру барысын талқылады. Қазіргі уақытта Дүниежүзілік банктің бірлесіп қаржыландыруымен Өскеменнің қоршаған ортасын қалпына келтіру бойынша жоба іске асырылуда, ол өңір халқының денсаулығын жақсартуға бағытталған жалғыз халықаралық экологиялық жоба болып табылады. Бұдан басқа, Дүниежүзілік банктің қаражатын тарта отырып, суландыру және дренаждық жүйелерді жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл жобаның мақсаты Сырдария, Талас, Шу, Іле трансшекаралық өзендер бассейндерінде республикалық меншіктегі ескірген суландыру және дренаждық жүйелерді қайта жөндеу арқылы Алматы, Жамбыл, ОҚО, Қызылорда облыстарында жалпы алаңы 113 мың га сурамалы жердің сумен қамсыздандырылуы мен мелиорациялық жай-күйін жақсарту болып табылады. Кездесуге қатысушылар экологиялық жобаларды іске асыру Қазақстан үшін де, Орталық Азия үшін де маңызды екенін атап өтіп, стратегиялық ынтымақтастықтың одан әрі жалғасатынына сенім білдірді.