Б. Сағынтаев Мәскеуде Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің отырысына қатысты
Кеңес мүшелері Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше елдердің экономикалық ықпалдастығын тереңдетуге бағытталған 40-қа жуық құжатты талқылады.
Негізгі мәселелер 2015 жылдың 21 желтоқсанында өтетін Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысына дайындалуға қатысты болды. Соның ішінде 2016 жылы Қазақстан Республикасының Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесте, Еуразиялық үкіметаралық кеңесте және ЕЭК Кеңесінде төрағалық етуі жөніндегі Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес шешімінің жобасы мақұлданды. Сондай-ақ ЕЭК Алқасының мүшелері арасында міндеттерді бөлу жайы қаралды.
Сонымен бірге, ЕАЭО-да медициналық бұйымдар мен заттар айналымының ережелері мен бірыңғай принциптер туралы Келісімге Армения Республикасының қосылуы жөніндегі Хаттамаға қол қойылды. Бұл интеграциялық бірігу аясында ортақ фармацевтикалық нарық құру жолында жасалған тағы бір қадам.
ЕАЭО Кедендік кодекс жобасын дайындау аясында кеденді реттеуді жүзеге асыру шаралары талқыланды. Бұл жұмыс кедендік үдерістерді жеңілдетуге, кедендік қызметтердің жұмысына халықаралық озық тәжірибелерді енгізуге бағытталған.
Отырыс барысында ЕАЭО мен «Жібек жолының экономикалық белдеуінің» түйіндесуі жайлы сөз болды. Бұл негізде аймақ елдерінің сауда-экономикалық қарым-қатынасын дамыту ЕАЭО-ға мүше елдердің экономикасының өсуіне мүмкіндік береді.