Б. Сұлтанов АЭФ қатысушыларын Астана Халықаралық қаржы орталығын дамытуға шақырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов АЭФ қатысушыларын Астана Халықаралық қаржы орталығын дамытуға шақырды.
None
None

«Қуатты қаржы орталығын құру - еліміз экономикасының ары қарай өсімін қамтамасыз етудің негізгі жағдайларының бірі болып табылады. Сонымен қатар Орталық Азия өңірінде және Еуразиялық экономикалық одақ аясында экономикалық қатысуды арттыруға жол ашады»,-деп тоқталды министр Астана экономикалық форумы аясындағы «Астана Халықаралық қаржы орталығын дамыту үшін тетіктер және құралдар» атты сессия жұмысында.

Осы орайда ол Қазақстан қажетті ішкі және сыртқы бәсекелестік басымдықтарға ие екенін, яғни географиялық орналасуы, экономикалық-саяси тұрақтылық, қолайлы салықтық климат, мемлекеттік қорлардың ауқымды көлемі және басқа да қолайлы жағдайлар тиісті мүмкіндіктер беретінін атап өтті.

«Бұның барлығы Астанадағы Халықаралық қаржы орталығын дамыту шараларын сәтті жүзеге асыруға жол ашады. Атап айтқанда, ЭКСПО-2017 көрмесін өткізгеннен кейін, орталық контентін жаңа идеялармен, алдыңғы қатарлы инновациялық шешімдермен толықтыру ескеріліп отыр. Оның ішінде қаржылық қызметтер саласында тың қадамдар қамтылады. Осы орайда Астана Халықаралық қаржы орталығын дамыту үшін озық қаржылық тетіктерді жеткізу мақсатында форум қатысушыларын ЭКСПО жұмысына және аталған көрмеден кейін де белсенді қатысуға шақырамын»,-деп түйді сөзін Б. Сұлтанов.

Соңғы жаңалықтар