19:34, 02 Шілде 2013 | GMT +5
БАӘ Президенті Қазақстанның бұрынғы елшісін тәуелсіздік орденімен марапаттады
ӘБУ-ДАБИ. 2 шілде. ҚазАқпарат - Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті шейх Халифа бин Зайед Әл Нахайян Қазақстанның БАӘ-дегі бұрынғы елшісі Асқар Мусиновты БАӘ-нің бірінші дәрежелі тәуелсіздік орденімен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды.
Жоғары марапатты қазақстандық дипломатқа оның Қазақстан мен БАӘ арасындағы ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін Әмірліктердің сыртқы істер министрі, доктор Анвар Гаргаш тапсырды.
БАӘ сыртқы саяси ведомствосының басшысы А.Мусиновтың БАӘ-дегі жұмысына жоғары баға беріп, қызметтік мансабының өсуіне тілектестік білдірді.
Өз кезегінде А.Мусинов шейх Халифа бин Зайед Аль Нахайянға марапаты үшін, ал БАӘ өкілдерін жемісті ынтымақтастықтары үшін алғыс айтты.
Естеріңізге сала кетейік, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен А.Мусинов Қазақстанның БАӘ-дегі Төтенше және Өкілетті елшісі қызметінен босатылып, ҚР Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы болып тағайындалды.