Бақташыны басынан соғып өлтірген ауыл тұрғыны ұсталды - БҚО

Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен Гүлшат Молдағалиеваның хабарлағанындай, полицейлер қайтыс болған азаматтың 49 жасар қыстақтағы бақташы екенін анықтаған. Тағайындалған сот-медициналық сараптаманың қорытындысы бойынша «бас сүйегінің жабық жарақаты» деген диагноз қойылған. Бөлімшенің учаскелік полиция инспекторлары мен жедел уәкілдері денсаулыққа өлімге әкеліп соғатындай қасақана ауыр зиян келтірген 40 жасар Жалпақтал ауылының тұрғынын құрықтады.
Қазіргі кезде тергеу жұмыстары жүргізілуде.
Өткен аптада сондай-ақ бірнеше ұрлық оқиғасы орын алып, ізі суымай ашылды. Айталық, 27 ақпан күні сағат 19.00-де қаладағы колледждердің бірінде оқитын студент қыздың күртесінің қалтасынан «LG» маркалы ұялы телефонын №2 қоғамдық көлікте белгісіз біреу ұрлап алған. Жәбірленуші студент болған оқиға жөнінде полицияға шағым түсірген. Орал қалалық ішкі істер басқармасы патрульдік полиция батальоны мен жол полициясының сақшылары жедел іздестіру шарасын жүргізу арқылы 22 жасар жігітті анықтап, қолға түсірді. Тексеру барысында анықталғанындай, күдікті есірткіге жаны құмарлардың қатарынан болып шықты. Жәбірленушінің ұрланған телефоны күдіктіден тәркіленді.
Сол күні сағат 23.00-де Жүнісов көшесіндегі үйдің қасында белгісіз біреу самаралық азаматшаның сөмкесін ашық түрде тонап кеткен. Сөмкесінің ішінде төлқұжаты, ұялы телефоны, 2 мың теңгесі мен 100 рублі болған. ІІД жедел басқару орталығының бейне бақылау камерасы арқылы бағдар беріліп, оқиға орнына жеткен Орал қалалық ішкі істер басқармасы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жәбірленушінің сипаттауымен 1980 жылғы К. есімді Сырым ауданының тұрғынын күдікті деп танып, ұстады. Күдіктіден тоналған сөмке тәркіленді.
Орал қалалық ішкі істер басқармасы жедел уәкілдері орталық базар аумағындағы сауда үйлерінде ұрлық жасаған 21 жасар Орал қаласының тұрғынын қолға түсірді. Ол 28 ақпан күні «Лаура» сауда үйіндегі бутиктердің бірінен бала ойыншығын ұрласа, ал екінші бір бутиктен тоқылған бас киімді жымқырған. Қолының сұғанағы бар 21 жасар азаматтың қазіргі уақытта ұрлық бойынша 5 фактісі тіркелді, оның басқа да қылмыстарға қатыстығының бар-жоғы тексерілу үстінде.
3 наурыз күні полиция бөліміне Зеленов ауданы Новенький ауылының тұрғыны хабарласып, түнде екі қойының ұрланғанын айтқан. Хабар түскен бойда оқиға орнына жеткен Зеленов аудандық ішкі істер бөлімі жедел тергеу тобы мен учаскелік полиция инспекторлары сол күні кешкісін жәбірленушінің бірі 25-тегі, ал екіншісі 27-дегі ауылдастарын қолға түсірді. Ұрланған қойлар иесіне қайтарылды.