Бакуде Каспий маңы елдері балық аулау квотасын игеру мәселесін талқылайды
Бұл туралы бүгін Әзірбайжан экология және табиғат ресурстары министрлігінің баспасөз қызметінің жетекшісі Ирада Ибрагимова хабарлады.
Отырысқа Каспий маңы елдері министрліктері мен балық шаруашылығы комитеттерінің басшылары қатысады.
Отырыстың күн тәртібіне сәйкес 2011-2012 жылдардағы балық қорын қорғау және қолдан көбейту, балық аулау квоталарын игеру жөнінде жүргізілген жұмыстар, теңіз экспедициялары мен ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері әңгіме болады. Отырыс барысында сондай-ақ бекіре тұқымдас балықтарды өнеркәсіптік аулауға тыйым салу мәселелері талқыланады.
Атап өтейік, 2010 жылғы 18 қарашада Бакудегі Каспий маңы елдері басшыларының қатысуымен өткен саммитте Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың бекіре балықтарын өнеркәсіптік аулауға тыйым салу жөніндегі ұсынысын басқа елдердің басшылары оң қабылдаған болатын. Соған байланысты отырыста осы ұсынысты жүзеге асыру мақсатында Ресей Федерациясы ұсынған «Каспий теңізінің бекіре қорын қорғау туралы» келісім талқыланбақ.
Бұдан басқа, Түрікменстан ұсынған Каспий теңізінің су биоресурстарын қорғау және қорын тиімді пайдалану туралы» келісім талқыланады.
Каспий су биоресурстары комиссиясының Жарғысына сәйкес алдағы екі жылда төрағалық Ресей Федерациясына ауысады.