Бакуде қазақстандық-әзербайжандық үкіметаралық комиссияның XII отырысы өтті
Отырысқа Әзербайжан мен Қазақстанның энергетика министрлері Натик Алиев пен Владимир Школьник, Әзербайжандағы Қазақстан Елшісі Бейбіт Исабаев, сонымен қатар екі елдің сарапшылары қатысты.
Шара барысында екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Соның ішінде, экономикалық ынтымақтастық жөніндегі қазақстандық-әзербайжандық үкіметаралық комиссияның жұмысы туралы сөз болды. Тараптар 2014 жылы желтоқсанда Астанада өткен үкіметаралық комиссияның 11 отырысындағы қорытынды хаттамалардың атқарылу барысын саралады.
«Қазақстандық-әзербайжандық үкіметаралық комиссия түрлі салалар бойынша екі ел арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге үлес қосты», - деді ӘР Энергетика министрі Н.Алиев.
Әзербайжан мен Қазақстан екі ел арасындағы тауар айналымын арттырудың жаңа жолдарын іздеуде, деп қосты ол.
Өз кезегінде ҚР Энергетика министрі Владимир Школьник екі ел арасында 100-ден астам ресми құжатқа қол қойылғанын айтты. Олардың басым бөлігі мұнай-газ және энергетика салаларын қамтиды. В.Школьник әзербайжандық тарапқа «Еуразия» жобасына қатысу ұсынылғанын айтты.
Сонымен қатар, қазақстандық министр екі тарап та ауыл шаруашылығы, көлік және өзге салаларда да ынтымақтастықты кеңейту керек екендігін жеткізді.
Отырыста өнеркәсіптік меншікті қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімге өзгерістер енгізу жөніндегі хаттамаға қол қойылды.
Хаттамаға Әзербайжанның Стандарттау, метрология және патент мемлекеттік комитетінің басшысы Рамиз Гасанов пен Әзербайжандағы Қазақстан Елшісі Бейбіт Исабаев қол қойды.