Бақытжан Сағынтаев көмір бағасына қатысты: Үкімет өз жұмысын жасады
«Көмір бағасы теміржол тұйықтарында төмендеп жатыр. Ал ары қарай көлікпен тасу, бұл енді, жергілікті әкімдердің жұмысы. Яғни, қазір ол жұмыстар атқарылмайтын болса, онда көмір бағасының 17-20 пайызға дейін төмендеуі тасымалдаумен айналысатын кәсіпкерлердің қалтасына кететін болады. Тұтынушы бағаның ешқандай төмендеуін көрмейді», - деп атап өтті Үкімет басшысы.
Осыған орай Бақытжан Сағынтаев ендігі негізгі жұмыс, яғни, халықтың арзандатылған көмірге қол жеткізуі әкімдерге байланысты екендігін айтты.
«Үкімет, министрлік өз жұмысын жасады. Негізгі көмір өндірушілермен келісімшарттар жасалып, жұмыстың бәрі аяқталды. Енді, негізгі тұтынушыларға дейінгі жұмысты қолға алуды сұраймыз», - деді ол облыс әкімдеріне қарата.
Еске салайық, бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында Инвестициялар және даму министрі қолға алынған жұмыстардың нәтижесінде халыққа жеткізілетін көмір бағасы 2,5 - 3 мың теңгеге арзандайтынын және бұған қалай қол жеткізілетінін айтты.