Балалар үйінің түлегі тұңғыш сәбиін жаңа жатақханада қарсы алады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар қаласында жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған 14 пәтерлі жатақхананың кілттері балалар үйінің түлектеріне берілді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
None
None

«Үй-күйсіз жүрген балалар пәтер жалдап шығындалмай, ақшаларын өздеріне жинасын деген оймен осындай жатақхана салдық. Бұл мақсатта былтыр облыстық бюджеттен қаражат бөлініп, аз уақыттың ішінде жұмысы аяқталды. Үй барлық коммуникация желісімен жабдықталған. Жастарымыз мұнда уақытша ғана тұрады. Кейін өздерінің жеке үйлері болғанда соған көшетін болады. Сондықтан тәртіп сақтап, өз үйлеріңіздей күтіп-баптап тұрыңыздар», - деп қала әкімі Нұржан Әшімбетов жаңа қоныс иелерін құттықтады. Мамандардың айтуынша, жатақхана ғимаратын сатып алуға «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 52,7 млн. теңге бөлінген. Жөндеу жұмыстарын Павлодардағы «Корумбаев» жеке кәсіпкерлігі жүргізіп, бес ай ішінде тапсырған. 14 пәтердің екеуі - 40 шаршы метр, 12-сі - 34 шаршы метр. Ай сайын төленетін пәтерақысы - 3000 теңге. Уақытша баспаналы болған жастардың бірі - Мичурин балалар үйінің дене тәрбиесі пәні мұғалімі Азамат Сейілғазин. Отбасын құрғанына бір жыл толған азамат тұңғыш сәбиін күтіп жүр.

«Бұған дейін бір жылдан астам қаланың әр жерінен үй жалдап, көшіп-қонып жүрдік. Әрине, отбасыммен бірге пәтер жағалап жүру оңайға соққан жоқ. Осы үйден уақытша баспана берілетінін естігенде қатты қуандық. Тұңғыш сәбиімізді жаңа баспанада қарсы алатын болдық. Қазір «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы өзімізге жеке үй сатып алу үшін ақша жинап жатырмыз», - дейді ол.

Еске сала кетейік, өткен жылдың соңында балалар үйінің төрт түлегіне демеушілерді тарту арқылы уақытша баспана берілген болатын. 

Соңғы жаңалықтар