Балалардың ең әлсіз топтарына қызмет көрсетуде жауапты мемлекеттік органдар үйлесімді әрекет етулері керек - Еңбек министрі Г.Әбдіхалықова

АСТАНА. Қыркүйектің 8-і. ҚазАқпарат /Асқар Бимендин/ - Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі БҰҰ-ның Балалар қорымен (ЮНИСЕФ) бірлесіп бүгін семинар-кеңес өткізді.
None
None

Балалардың ең әлсіз топтарын және олардың отбасыларын әлеуметтік қорғау жүйесін нығайту мәселелеріне арналған кеңестің барысында сондай-ақ, «Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы» ҚР заңын жүзеге асырудағы ведомствоаралық өзара іс-қимылдардың жағдайы талқыланды.

«Осыдан екі жыл бұрын арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы жақсы заң қабылданды, ол заң ауқымды проблемаларды, оның ішінде балалардың ең әлсіз топтарының проблемаларын да қамтиды. Көптеген мемлекеттік органдар осы заңның нормаларын негізге алып жұмыс істейді. Бүгін біз ЮНИСЕФ-пен бірлесіп және халықаралық кеңесшілерді тарта отырып, сол мемлекеттік органдардың арасында жүргізіліп отырған жұмыстарды үйлестіру үшін, балаларға әлеуметтік және медициналық қызметтер көрсету мәселелерін талқылауға жиналып отырмыз», деді семинардың ашылуында сөз сөйлеген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова.

Министрдің айтуынша, Қазақстанда балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету кезіндегі түрлі ведомстволардың үйлесімді жұмыстарының сәтті үлгісі бар, енді сол тәжірибені өңірлерге тарату керек.

«Жақында біз Қарағандыдағы мүмкіндіктері шектеулі балаларға арналған интернат-үйдің жағдайымен таныстық, онда педагогтар, психологтар, медиктер мен әлеуметтік қызметкерлер үйлесімді жұмыс атқарып отыр. Олардың жұмыстарында нәтиже жоқ емес», - деді Г.Әбдіхалықова ханым өз сөзінде.

Министр сондай-ақ, республика бойынша осындай жұмысты жүйелі түрде жүргізу керектігін айтып өтті.

Соңғы жаңалықтар