13:06, 16 Тамыз 2010 | GMT +5
Балалардың өкпе қабынуына қарсы дәрі егуге 3,5 миллиард теңге бөлу қарастырылған - Денсаулық сақтау министрі
АСТАНА. Тамыздың 16-сы. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында балалардың өкпе қабынуына қарсы дәрі егуге 3,5 миллиард теңге бөлу қарастырылған. Бұл туралы бүгін Үкімет үйінде аталған бағдарлама бекітілгеннен кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев мәлім етті.

Министрдің айтуына қарағанда, өкпе қабынуына қарсы дәрі егу бүкіл әлемде тараған әдіс болып саналады. Бүгінгі таңда әлемнің 42 елінде, оның ішінде дамыған мемлекеттерде де осы әдіс кеңінен қолданылады. «Бұл өкпе қабынуымен ауыратын балалардың санын 50 пайызға, бала шетінеуін 20 пайызға қысқартады. Соған байланысты ағымдағы жылы екі аймақта ілкі бағдарламаны бастап жатырмыз», дейді Ж.Досқалиев.
Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, ағымдағы жылы осыған орай шамамен 700 миллионға жуық қаражат бөлінген. Ал келесі жылдан бастап балалардың жастарына байланысты өкпе қабынуына қарсы дәрі егуге 3,5 миллиард теңге бөлу көзделініп отыр.