Балалықпен қателескен жасөспірімдердің сағын сындырмау керек - Дәурен Абаев
«Мен өткен видеода кәмелетке толмағандардың жеке деректерін жариялауға шектеу қою мәселесін айттым. Осыған кеңірек тоқталып өтсем. Біз мұндай шектеуді жеңіл және орташа дәрежелі қылмыс жасаған 16 жасқа толмаған жасөспірімдерге қолданған дұрыс деп санаймыз. Бірақ кейбір адамдар «кім болса да қылмыс жасағандардың мәліметтерін қоғамнан жасыруға болмайды» дейді. Біздің ойымызша, оларға ең алдымен бала ретінде қарауымыз керек. Бала жеңіл ұрлықпен ұсталды делік, мүмкін ол балалықпен қателескен шығар. Енді сол оқиғадан сабақ алып, түзелгісі келетін шығар», - деді Дәурен Абаев өзінің Фейсбук парақшасында ақпарат және коммуникациялар саласына қатысты заң жобасын түсіндіретін видеожолдауында.
Осы орайда министр баланың бұрынғы қателігі жарияланып кетсе, бұл күндердің күнінде оның алдынан шығатынын атап өтті.
«Ол баланың жаңа өмір бастауына, жұмысқа тұруына, отбасын құруына үлкен кедергі келтіреді. Сондықтан да біз мұндай ақпаратты көпшілікке жарияламау керек деп ойлаймыз. Бұл норма ауыр қылмыс жасаған жасөспірімдерге қолданылмайды», - деді Д. Абаев.