Балқаш қаласында қаптама гранитті плиталар өндірісі іске қосылды
«Балқашта граниттен жасалатын қаптама плиталар мен өзге де бұйымдар өндіретін «Недра-Балқаш» ЖШС-і іске қосылды. Жобаның құны - 80 млн теңге. Кәсіпорын қырлы тастар мен жиектастарды өндіретін болады», - деді облыстық Кәсіпкерлік пен өнеркәсіп басқармасында.
Жоба бойынша жылына 3 мың текше метр бұйым шығарылмақшы. Мұндай деңгейге кәсіпорын келесі жылдың өзінде жетуді көздеп отыр.
Онда Тектұрмас гранит кенінің табиғи шикізаты қолданылады. «Кәсіпорын бұйымдарды шығару үшін гранит өңдеудің жаңа технологияларын енгізді. Бұл импортты алмастыратын өндіріс, өйткені мұндай өнім қазір негізінен Қытай мен ТМД елдерінен әкелінеді», - деп жалғастырды облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасындағылар.
Кәсіпорынның өнімдері моноқалаларды дамыту бағдарламасы бойынша құрылыс нысандарын абаттандыруға қолданылады деп жоспарлануда.
Кәсіпорын ақпары бойынша, жаңа өндіріс 40 адамға жұмыс беруге қауқарлы.
Еске салайық, Астананың 15 жылдығы қарсаңында Қазақстанның барлық облыстарында Еліміздің индустриялдық апталығы өткізіліп жатыр.