Балық шаруашылығы саласын шаруашылығы өнімін өндірушілер қатарына жатқызу жөніндегі қаулыны тездетіп күшіне енгізу қажет - дөңгелек үстел отырысы
Бұл туралы бүгін балық шаруашылығы саласындағы қайта өңдеу мәселелеріне арналған дөңгелек үстел отырысында «Қазбалықшаруашылығы» республикалық қауымдастығының президенті Бақытжан Самұратов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, аталмыш қаулы өткен жылы шыққан. Алайда ол тек келесі жылдың қаңтар айының 1-інен бастап қана күшіне енеді. «Осы орайда біз еліміздің Кедендік Одаққа мүше болып енуіне байланысты бұл істі мүмкіндігінше жеделдету жөнінде ұсыныс жасауды сұрап отырмыз. Біздіңше аталмыш қаулының ағымдағы жылдың шілде айының 1-інен бастап күшіне енгені дұрыс», деді қауымдастық президенті.
Оның сөзіне қарағанда, балық шаруашылығы саласының бұдан ұтары көп. Себебі ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің жеңілдіктері мол. «Мысалы, біз қазір 100 пайыз салық төлейтін болсақ, қаулы күшіне енсе 30 пайыз салық төлейміз. Сондай-ақ жанар-жағармай мен несиелерді, субсидияларды жеңілдікпен аламыз. Яғни бізде үлкен жеңілдіктер болады. Ал бұл шара бізге қолдау болар еді. Әсіресе, еліміздің қазіргідей Кедендік одаққа мүше болып енгелі тұрған тұсында», деді Б.Самұратов.