Бангкок губернаторы Қазақстан жетістіктеріне тамсанатынын айтты

Қазақстандық дипломат Таиланд астанасының басшысын Қазақстанның ағымдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы, сауда, инвестиция мен туризм салаларындағы екіжақты ынтымақтастық және «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі туралы хабардар етіп, Елбасының «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі қағидаларына аса көңіл бөлді.
Елші М.Есенбаев Президент Н.Назарбаевтың Жолдауы мәнмәтініндегі Бангкок пен Қазақстан арасындағы әлеуетті бағыттардағы әрекеттестігін атап өтті. Оның ішінде, көліктік-логистикалық және индустриялық инфрақұрылымды дамыту, тұрғын үй мен әлеуметтік инфрақұрылымды нығайту, шағын және орта бизнесті қолдау, сонымен қатар туристік тартымдылықты арттыру.
Бангкок губернаторы С. Парибатра ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» Қазақстан халқына жолдауын талқылай отырып, «Қазақтан Республикасы соңғы жылдар ішінде үлкен прогреске ие болды. Қазақстанның жетістіктері өте әсерлі. Бірге жұмыс істеп, тәжірибе алмаса алатын көптеген бағыттар бар», - деп атап өтті
Қазіргі таңда Бангкок 10 млн. адамнан астан тұрғыны бар Оңтүстік-Шығыс Азияның қарқынды дамушы қалаларының бірі болып табылады. Губернатордың айтуы бойынша, Бангкок әкімшілігінде, 50 қала аудандарын қоса санағанда, 100 мыңнан астам кісі жұмыс істейді. Соңғы үш жыл ішінде Бангкок келушілер саны ең көп дүниежүзі туристік қалалары тізімінде бірінші орын алуда.
Бангкок губернаторы С.Парибатра Қазақстан мен оның жас елордасы Астана тәуелсіздіктің азғантай мерзімі ішіндегі қарқынды және сенімді дамуын атап өтті. Кездесу барысында губернатор жақынырақ танысу мақсатында Астанаға сапар шегуге қызығушылық танытып, Елшінің елордаларға туыстас қалалар мәртебесін беру туралы ұсынысын ықыласпен қабыл алды.
«Бангкок пен Астана 2004 жылы екіжақты қатынас орнату туралы келісімге қол қойды. 10 жыл өтті, келесі қадам жасауымыз қажет. Елордаларымыздың бауырласуы маңыздылығын ескере отыра, мен экономика, муниципалдық әкімшілік, қала құрылысы, мәдениет, туризм және спорт салаларындағы ынтымақтастықты қарқындандыруға жағдай жасайтын өзара сапарлар ұйымдастыру мүмкіндігін қарастыруға дайынмын» - деп Бангкок губернаторы С.Парибатра атап өтті.
Сонымен қатар, Бангкок губернаторы Қазақстанды «Азия-Еуропа» форумына кіруімен құттықтап, аталған көрнекті халықаралық ұйым шеңберінде Қазақстанмен тығыз қызмет етуді көздеп отыр. Аталған мәнмәтінде С.Парибатра Қазақстан Елшісіне Астана қаласының әкімі Ә.Жақсыбековтің атына 2015 жылғы наурызда Бангкокта өтетін «Азия-Еуропа» форумына мүше елдерінің губернаторлар мен мэрлерінің 3-ші отырысына шақыру хатын тапсырды.