«Банк ЦентрКредит» АҚ «Валют-Транзит Банк» АҚ салымшыларына қосымша төлем төлейтін агент ретінде тағайындалды

Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихаты барысында "Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры" АҚ төрағасы Бақыт Қоғылов мәлімдеді.
«Агентті таңдау кезінде филиалдық желінің көптігі мен қаржылық жағдайдың тұрақтылығына мән берілді. Қосымша кепілдік төлемді алу үшін салымшыларға «Банк ЦентрКредит» АҚ кез келген бөліміне бара алады. Олардан тек жеке куәлік пен өтінім ғана қажет етіледі», - деді Бақыт Қоғылов.
Оның айтуынша, төлем өтініш түскеннен 5 күн өткен соң төлене бастайды.
«Төлем басталғаннан кейін 6 айдан соң салымшылар нақтырақ ақпарат алу үшін Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорына жүгіне алады», - деді Б.Қоғылов.
Алдында мәлім болғандай, «Валют-Транзит Банктің» депозиттерінің көлемі 700 мың теңгеден асатын салымшылары депозиттегі қалдық бойынша мөлшерлемесіз қосымша кепілдік берілген өтемақы ала алады. Әр салымшыға төленетін ақшаның көлемі 5 млн. теңгеден аспайды.