Банк қызметкерлерін кепілге алу: Неліктен Марат Ахметжанов арнаулы операцияны өзі басқарды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордадағы Kaspi банк бөлімшесі қызметкерлерінің кепілге алынған жайлы ақпарат тараған күні Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов оқиға орнына өзі барды.
None

Ел тұрғындары ІІМ басшысының формасы болғанын, демалыс күні болғанына қарамастан операцияға басшылық жасап, өте кәсіби тұрғыда өзін көрсете білгендігін атап өтуде. Дегенмен сын да бар. Министрдің өзі араласатындай жағдай өте күрделі болды ма? Әлде елордада тәжірибелі келіссөзші жетіспей ме?. Бұл сауалдарға ҚазАқпарат тілшісіне эксклюзив сұхбат берген Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әрине жоқ, келіссөзші маман жеткілікті. Бізде арнаулы дайындықтан өткен келіссөзшілер бар. Олар Ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясының антитеррорлық орталығында оқудан өтеді. Сол күні де біздің арнаулы бөлімшенің осындай маманы қатысты. Өкінішке орай, оның тегін, атын, әкесінің атын айта алмаймын. Ол оқиға орнына Ішкі істер министрі келгеннен кейін ішке бірнеше рет кіріп, келіссөз жүргізді. Министрге қаскөйдің талабын баяндап, оның іс-әрекетін, қолында не бар екендігін айтты», - деді Марат Қожаев.

Оның атап өтуінше, министр оқиға демалыс күні, түскі уақытта орын алғанын ескеріп, сол жерге өзі де бару керек деп санаған. Ол оқиға орнына келіп, операцияға өзі басшылық жасап, күш қолдануға немесе келіссөзді жалғастыруға қатысты шешім қабылдаған. Операция барысында ІІМ басшысы басқыншымен тікелей сөйлесіп, тұтқынға алынған банк қызметкерлерін босатуға тырысқан.

«Министрдің ол жерге өзі баруы және аталған операцияға басшылық жасауға қатысуы фактісін былай бағалар едім. Кез келген полиция шеніне, лауазымына, жағдайына қарамастан, демалыс не жұмыс күні болса да қылмыс жасалса әрі ол азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірсе, онда оның жолын кесуі тиіс. Меніңше, министр дәл солай ойлап, оқиға орнына барды», - деді Марат Қожаев.

Ол қылмыскерді қолға түсіру үшін күш қолдану туралы шешімді министрі жеке өзі қабылдағанын атап өтеді.

«Әрине, ең алдымен жарылыстан қорықтық. Өйткені, қылмыскер жарылғыш зат бар екендігін және өз өмірін де, тұтқындардың да өмірін қиюға дайын екендігін бірден айтты. Қысқа ғана уақыттың ішінде егжей-тегжейлі ақпарат жинап, қауіптің төмендігін, оны басқаша ымыраға келтіру жолының жоқтығын, мұнан ары күту жағдайды күрделендіре түсетіндігін түсінгеннен кейін күш қолдану туралы шешім қабылданды. Өйткені, тұтқындардың қаскөйдің қолында болған әрбір минуты өте ауыр еді. көрінетін жерде тұрған қыздардың көздерінен олардың қатты үрейлі екендігін көрдік. Сондықтан да министр баяндамалардың, сараптамалардың негізінде күш қолдану туралы шешім қабылдады», - деді министрдің бірінші орынбасары.

Оның атап өтуінше, осыдан кейін ІІМ басшысы күш қолдануға бұйрық берді. Ал қылмыскер мүлдем күтпеген еді. Санаулы секундтың, 10-15 секундтың ішінде бүкіл операция сәтті аяқталды.


Соңғы жаңалықтар