Банктер 1 жыл 8 ай ішінде Алматы қаласының экономикасына 1 миллиард доллар қаржы салды - Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы Кеңесінің төрағасы
«Біз жеңіл-рельсті көлікті құру арқылы қаланың көліктік инфрақұрылымын дамытумен белсенді түрде жұмыс жасап жатырмыз. Бұл бағытта біздің банктермен көптеген бірлескен жобаларымыз болатынына сенімдімін. Бұдан бөлек біз қаржы секторы үшін Алатау ауданында өндірістік аймақ құру, тау шаңғысы туризмін дамыту сияқты келешегі зор жобаларды жүзеге асыра бастадық», - дейді қала әкімі Ахметжан Есімов. Шаһар басшысының айтуынша, Алматыда Қазақстанның барлық қаржы ұйымдары мен институттары шоғырланған. Мұнда екінші деңгейлі 32 банк және 30 сақтандыру компаниясы мен 10 зейнетақы қоры бар. Сондай-ақ ҚР Ұлттық банкі, Қазақстан қор биржасы, Қаржыгерлер қауымдастығы өз жұмысын осында жүзеге асырады. Ал Қазақстан қаржыгерлер қаумыдастығы Кеңесінің төрағасы Серік Ахановтың сөзіне қарағанда, билік пен бизнес мемлекеттік-жеке серіктестік проблемалары бойынша қаланың экономикалық және әлеуметтік салаларындағы мәселелерді шешу үшін алғаш рет кездесіп отыр. Қазақстандық банктердің 80 пайыздан астамы капиталын Алматыда сақтайды. Олар бір жыл сегіз айда Алматы қаласының экономикасына 1 миллиард долар қаржы салды.