Банктердің пайыздық ставкасы бойынша жаңа инновациялық өндірістерді дамыту мүмкін емес - В. Бобров
Ол бұл пікірін бүгін Астанада өткен «Атамекен одағы» Ұлттық экономикалық палатасы басқармасының кеңейтілген отырысында білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы іс жүзінде Президенттің тапсырмасы бойынша әзірленген Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асырудағы алғашқы қадам. Индустриялық-инновациялық даму міндетті түрде біздің қолда бар дүниелерімізді сақтап, дамытуды білдіреді. Алайда, ең бастысы - жаңа, тиімділігі жоғары инновациялық өндірістерді құру. «Бизнестің жол картасы - 2020» жобасы бойынша ұсынылып отырған қаржыландыру тетігі менің де күмәнімді туғызады. Біріншіден - субсидиялауды алайық. Қазіргі уақытта банктер белгілеген ставкалармен жаңа инновациялық өндірістерді, өнеркәсіптік кәсіпорындарды дамыту мүмкін емес», деді отырыста В. Бобров.
Оның сөзіне қарағанда, банктік ставкалар өндірістердің ықтимал мүмкіндіктеріне және түрлеріне қарай 4-тен 7 пайызға дейінгі аралықта болуы тиіс. Ал, банктер болса мойындарына тәуекелдері мен көрсететін қызметтерін ғана алған болар еді. Ал, шағын және орта бизнестің несиелерін субсидиялауға бөлінген 30 млрд. теңге қаржы қайтарылып, экономикаға жұмыс істеген болар еді. Мұндай жағдайда мемлекет орталық және жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен қаржыландыруды қажет ететін кәсіпорындарды іріктеген болар еді.
Осы орайда депутат бүгінгі жағдайға тоқталып өтті. «Бүгінгі жағдай қалай? Бүгін банктердің төлемпаздығы жоқ. Біздің банктерде бүгінде 30 млрд. теңгені субсидиялайтын экономикаға тартуға қажетті 2 млрд. доллар жоқ. Егер біз 30 млрд. теңгені субсидиялайтын болсақ, онда 2 млрд. доллар қосымша қаржы экономикаға құйылуы тиіс. Банктерде бұл қаржы жоқ. Тиісінше «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы төңірегінде сұрақтар көп», деді ол.
В. Бобровтың пікірінше, біз шағын және орта бизнестің несиелерін субсидиялаудың есебінен ағымдағы жылы күйреуі тиіс кәсіпорындарды қолдағалы отырмыз, бірақ бұл қолдаудан ештеме өнбейді, мұндай кәсіпорындар үш жылдан кейін бәрібір күйрейді. Себебі, олар бүгіннің өзінде тиімсіз жұмыс істеп отыр.