Бар ғұмыры мен қызметін еліне арнаған Бақытжан Қаратаевтың есімі ұлт жадынан өшпейді
Қазақстан мемлекеттік университетінің проректоры, профессор Әбілсейіт Мұқтар арғы тегі қазақ жүздерінің бас қолбасшысы болған Әбілқайырдан, азаттық туын көтерген Қаратайдан тарайтын Бақытжан Бисәліұлының өмірлік тәлім-тәрбиесі, көзқарасы, болашақ ұстанымы Ресей империясының қазақ даласын отарлап, оны өз меншігіндей көріп ашық иелене бастаған кезінде және оған қарсы бір сәт толастамаған ұлт-азаттық қозғалыстар тұсында қалыптасқан деп пайымдайды.
Оның айтуынша, бұдан тура 150 жыл бұрын Батыс Қазақстанда дүниеге келген Б.Қаратаев сегіз-тоғыз жасында-ақ Ресейдің 1867-1868 жылдардағы реформаларына қарсылық танытқан өзінің жерлестерінің ашу-ызасын сезінді. Ол турасында зейнеткерлікке шыққаннан кейін арнайы естеліктерін жазды. Көтерілістен кейін Ы.Досов молда 1869 жылдың аяғында патша үкіметінің билігін мойындағысы келмей, Түркияға кетсе, ал Х.Арысланұлы, Ә.Мұңайтпасұлы, Д.Асауұлы және т.б. жақтастары Хиуа аумағына қоныс аударады. Б.Қаратаев атасы мен әкесі жөнінде былай еске алады: «Әкем Бисәлі Қаратаев пен ағам Дәулетжан көтеріліске қатысқандары үшін тұтқындалып, жазаға тартылғандардың қатарында болатын. Бірақ, олар...қайтыс болды». Б.Қаратаевтың немере ағалары Күсепқали, інісі Қуатқали Орманұлдары және Күсепқалидың балалары Ахметше, Шәңгерей, Сәлімгерей, Әділгерей, Сақыпкерей, Жүсіп, жиендері Қуат пен Шора Сүгірәліұлдары көтеріліске қатысқандары үшін Орал қаласындағы түрмеде жарты жылға жуық қамауда отырып, кейін әскери комиссияның шешімімен Екатеринослав губерниясының Старосербск жеріне жер аударылады. Қарт Күсепқали айдалған жеріне жете алмай, жолда қайтыс болады да, Ростов қаласында жерленеді. Баласы Ахметше және жиендері Қуат пен Шора Старосербскіде көз жұмады. Қалған балалары Самара губерниясының Жаңаөзен уезіне аударылады, бұл жерде Сақыпкерей көз жұмады. Жер аударылғаннан 12 жыл өткеннен кейін үкіметтің рұқсатымен елге оралады.
Бұл кезеңде, Б.Қаратаевтың пікірінше, елде қазақтарды өзге дінге енгізу саясаты күштеп жүргізіліп жатты. Сонымен бірге «Уақытша ережеге» сәйкес қазақ жері патшалы Ресейдің меншігі болып жарияланды. Б.Қаратаев патша үкіметінің саясаты салдарынан туған жеріндегі қиындықтарды көзімен көрді. Кейін еңбегінде: «Кенет Уақытша ереже қазақ көшпелілері пайдалануындағы жерлер мемлекеттік меншік болып танылады және қазақтарға қоғамдық пайдалануға беріледі деп жариялады. Бұл қазақтар үшін «ашық күнде төбелеріне жай түскендей» қатты соққы болды. Лезде олар өздерін бөтен жерде жүргендей күй кешті», деп жағдайды тарқата түседі.
Міне, осы жайлар Б.Қаратаевқа қазақ елінің ертеңі білімді екендігін түсіндірсе керек. Әкесі Дәулетжан мен атасы Бисәліден кейін оған әкесінің інісі Ахмет қамқорлық жасайды. Келіні Бибіажардың естелігінде Ахмет Бақытжанды Орынборға, өз баласы Мағзомды Қазанға оқуға бағыттаған. Алғыр Б.Қаратаев 1878-1886 жылдар аралығында Орынбор гимназиясында, 1886-1890 жылдары Санкт-Петербург императорлық университетінің заң факультетінде дәріс алады. Ақтөбе облыстық өлкетану мұражайында Б.Қаратаевтың Орынбор гимназиясын бітіріп, университетке түсу үшін жазған өтініші сақталған. Өтініштің жазылған уақыты 7 қазан 1886 жыл деп көрсетілген. Аталған университеттің заң факультетіне бірінші болып қабылданған бөкейлік Бақтыгерей Құлманов болатын. Б.Құлманов 1884 жылы заң факультетінен шығыс тілдері факультетіне ауысып, араб, парсы, түрік, татар тілдерін меңгереді. Сонда жүріп ол кандидаттық диссертациясын қорғайды. Осы тұста Санкт-Петербургте шығыс тілдер факультетінде Жетісудан Барлыбек Сыртанов, Торғай өңірінен Абдолла Теміров, жаратылыстану факультетінде Мәмбетәлі Сердалиндер оқиды. Оқуда жүріп 1887 жылғы қыркүйектің 29-ында Б.Қаратаев алғаш рет жергілікті полицияға ешқандай жасырын ұйымдарға қатыспайтындығы туралы қолхат жазуға мәжбүр болады.
1890 жылы «Дала уәлаяты» газеті «Императорлық хазіретінің есіміне алғаш Петербург қаласындағы университет курсын екінші дәрежелі дипломмен үздік аяқтаған Торғай облысы, Іле оязы, Бұрты елінің сұлтаны Бақытжан Қаратай ұғлы Юстиция министрлігінің қарауына кіргізіліп, департаменттік басқару сенатындағы екінші мекемесіне қызметке қалдырылды» деп елге хабар салады. Араға уақыт салып Б.Қаратаев 1891 жылы Кутаиси губерниясына қарасты Ново-Сенаки уезіне қызметке жіберіледі. Ол өзге елде 1896 жылға дейін еңбек етеді. Елден қашық жүрсе де, үнемі байланыста болып хабарласып отырады. Бұған 1892 жылғы маусымның 12-сіндегі «Тургайские областные ведомости» газеті куә. Газет арқылы Б.Қаратаев «Өткен жылғы қуаңшылық Ақмола, Торғай және Орал облысы қазақтарының мал шаруашылығына қайғылы зардаптарын тигізді... Қазақ халқы үшін «қоян жылы» «жұт» әкелетін апатты жыл саналады, себебі, «жұт» үнемі көшпелі жұрт тарихында әрбір мүшел сайын қайталанатын «қоян жылымен» сәйкес келіп отырған. Жұтты басынан өткеріп, зардабын тартқан ел «қоян жылынан» қауіптенеді. Сондықтан, болашақта нәубеттің алдын алып, ... қазақ даласында азық-түлік қаражатын қалыптастырып, көп дүкендер ашу» жұмыстарын жүргізуге шақырады.
1896 жылғы қыркүйектің 18-інде «Торғай» газеті Б.Қаратаевтың Грузиядан елге оралғандығын хабарлады. Содан 1904 жылға дейін Торғай облысы, Ақтөбе уезіне қарасты Бұрты болысында тұрып, сол жылы Орал облысына қоныс аударуға мәжбүр болады. Бұл жөнінде Б.Б.Қаратаев былайша баяндайды: «Торғай әскери губернаторы, генерал Ломачевскийдің, патша үкіметінің жергілікті тірегіне айналдыру үшін, қазақтардан казак сословиесін құру жоспарына тойтарыс бердім. Соның салдарынан әкімшілік қудалауға ұшырап, Орал облысына көшуге тура келді». Міне, осыдан бастап Б.Қаратаев патша үкіметінің тарапынан бақылауға алына бастады.
XX ғасырдың басында Б.Қаратаев өзге зиялы азаматтармен бірге халқын ояту мақсатында саяси күреске бел буады. Елде халықтың өтініш-талаптарын патшаға жеткізу шаралары қолға алынады. Қарқаралы уезіндегі 1905 жылғы Қоянды жәрмеңкесінде Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Ж.Ақбаевтардың басшылығымен 14500 адам қол қойған Қарқаралы петициясы өмірге келді. Онымен қатарлас осы жылы жазда Б.Қаратаев басқарған Орал, Торғай облыстары қазақтарының талаптары жинақтала бастады. Талапта «Қазақ халқының қолына жер мәңгілік өзіңдікі деген» құжат берілсін деп анық жазылған. Б.Қаратаев 1905 жылы 12 шілдеде жанына С.Кейкин, М.Қайдаров, Д.Тоқбаев, С.Алдияров, ишан Д.Мусин, хазірет Ғ.Есмұхамбетов, молда М.Меңдіқұлов, судья А.Бірімжанов, сот мүшесі Ж.Сейдалиндерді ертіп жолға шығады. Санкт-Петербургте оларды генерал Ғ.Жәңгіров күтіп алып, соның қолдауының арқасында II Николай патшаның қабылдауында болды. Сөйтіп қазақ халқының мұң-мұқтажы патшаға жеткізілді. Одан еш нәтиже шықпағанына куә болған Б.Қаратаев саяси партия құруға күш салды. 1905 жылы желтоқсанда Орал облыстық кадеттердің орталық комитеті мүшелерінің ұйымдастыруымен Орал қаласында Ақмола, Семей, Торғай, Орал және Жетісу облыстарының делегаттық съезі өтті. Съезге Ә.Бөкейханов, Ж.Сейдалин, жетісулықтар атынан Б.Сыртанов және М.Тынышбаев, Санкт-Петербургте оқып жүрген студент Х.Досмұхамедов келді. Басқосуда қазақ зиялылары «Қазақ конституциялық-демократиялық партиясын» құру туралы шешім қабылдайды. 1905 жылғы 29 желтоқсандағы «Улфат» газеті партияның құрылғандығын және оның бағдарламасын жасауға Б.Қаратаевтың қатысқандығын хабарлады. Міне, осы партия жалпы ұлттық деңгейге көтерілмесе де, өз заманында қазақтың алдында тұрған мақсат-міндеттерін анықтауға өз септігін тигізді. Кейін Б.Қаратаев 1907 жылы 20 ақпанда шақырылған II Мемлекеттік Думаға сайланады. Думаға қатыса жүріп, Б.Қаратаев қазақ даласына орыс мұжықтарының көшірілуімен елде басталған аграрлық шиеленістің қолдан жасалғандығын көпшілікке жеткізеді. 1907 жылы мамырдың 16-сында II Думаның мінбесінде сөз сөйлеген Б.Қаратаев «Қырғыз-қайсақ халқының атынан бұл мінбеден ешкім сөйлеген жоқ, соған қарамастан мемлекетіміздегі шиеленісіп отырған аграрлық мәселені шаруаларды Далалық облыстар аумағына, атап айтқанда, Орал, Торғай, Ақмола, Семей және Жетісу облыстарының аумағына қоныс аудару арқылы шешкісі келетіндер бар» - деп Ресейдегі мәселені қазақтарды атамекенінен ығыстыру арқылы шешуді қою қажеттігін жария етеді.
1907 жылы маусымның 3-інде II Дума таратылғаннан кейін Б.Қаратаев елге оралып, адвокаттық қызметін жалғастырады. Соған қарамастан ол қазақ қоғамындағы жер, дін, өзге де мәселелермен шұғылданып, Ә.Бөкейхановпен, Санкт-Петербургтегі жерлес інілері Х.Досмұхамедов, Ж.Досмұхамедов, Н.Ипмағамбетов т.б. байланысын жалғастырып, оны шешудің жолдарын іздестіреді. 1910 жылы ол Ә.Бөкейхановқа хат жолдап «Қазақ халқы үшін екі жау бар: біріншіден, оның надандығы мен көшпелі мәдениетсіздігі болса, екінші жағынан, қалайда өзінің қызметін күшейтуге мүдделі қоныстандыру ұйымдарының озбырлығы мен арсыздығы. Бұл жаулардан құтылу жолы бар ма? Конституция жоқ. Мемлекеттік Дума қоныстандыру ұйымы жағында» деп ақылдасып, одан шығудың жолын іздестіру қажеттігін алға тартады. Хатында қазақтар арасынан шыққан пайдакүнемдер мен жалқаулықты қатты сынға алады. «Пайдакүнемдік барлық «бас адамдарының» қызметін жоғарылатуға себепші болды. Қазақтардың психологиясы азғаны соншалық... оларды ешқандай қоғамдық қызмет, ешқандай қоғамдық қажеттілік сияқты маңызды мәселелер толғандырмайды. Қазақ жері қоныстанушыларға көптеп алынып жатыр. Екі жүзді «бас адамдар» өздерінің жерін тонаушыларды мақтап, керісінше өз жерлерін қорғау үшін басшылыққа қарсы шыққан қазақтарды жазалауда» деп қатты өкініш білдіреді. Осы хатында Б.Қаратаев Ә.Бөкейхановқа қазақ халқын басқаратын ұлттық ұйым керектігі жөнінде ой тастап, «Меніңше, жалғыз сен халықтың сеніміне лайықсың. Жалғыз сен халқыма қызмет қылдым деп айтуға құқылысың» деген азаматтық сенімін жолдайды.
Б.Қаратаев жер мәселесін әр уақытта назардан тыс қалдырмады. Кейін жолдасы Б.Сыртановпен де ой бөліседі. Ал 1912 жылғы елдегі қуаңшылыққа байланысты қатты алаңдады. Ашаршылық туралы Думаға хат жолдап, қазақ халқы үшін арнайы қаржы бөлу керектігін атап көрсетеді. Оған Дума депутаттарынан жауап хат жолданады.
Елдің жыл санап қиындап бара жатқан жағдайын сезінген Б.Қаратаев өзге де зиялылармен бірге жалпықазақ съезін шақырып, бас қосу қажеттігін бірден қолдайды. Міне, осы арада Ж.Сейдалин: «Қазақ зиялыларының тарландары Б.Қаратаев, Ә.Бөкейханов, Б.Құлманов, бұл үшеуінің өзі үш рулы ел болса да Алаш дегенде басы бір жерге қосылса керек» деп, «Қазақ газетіне» жариялады. Көп ұзамай қазақтың басты мәселелері «Айқап» журналы мен «Қазақ» газеті арқылы елге тарала бастайды. М.Дулатов өз еңбегінде Б.Қаратаевтың қазақтар жерге тұрақтап, қала болу қажет, А.Байтұрсынов және басқалардың әзірше «қазақ оған дайын емес сондықтан, көшіп-қонуды жалғастырған дұрыс. Оған өз уақыты келеді» деген пікірлерін көпшілік назарына ұсынады. Қазақ зиялыларының бұл арада ең басты көздегені халқына ой тастап, оны тұтастай ел болып талқыға салып, бірлесіп алдағы мақсатты анықтау еді.
Б. Қаратаев Ж. Сейдалиннің «Айқап» журналы арқылы жалпықазақ съезін өткізу туралы зиялыларға тастаған пікірін бірден қолдайды. Оған Б.Қаратаев, Ж.Тілеубергенов, К.Шалқаровтың «Біз сиез керек деген сөзіңізді бек ұнатамыз... осы келешек халық жұмысына қызмет етуге біз даярмыз» деген жеделхат жолдауы дәлел болады.
Б.Қаратаев 1914 жылы мамырда Санкт-Петербургте өткен мұсылман фракциясы мәжілісіне қатысады. Ол фракцияның бүкілресейлік мұсылман съезін шақыру керек деген шешімін Ә.Бөкейханов, Б.Сыртановтармен бірге қолдайды. Мәжілістен бұрын маусымның 15-25-і аралығында қазақ өкілдері өзара кеңес өткізеді. Осы кеңесте Б.Қаратаев орыс патшасының қазақ даласында жүргізіп жатырған құйтырқы саясатын әшкереледі. Ол «Қазанның бұратана школын басқарушы миссионер чиновник Ильминский деген шықты. Бұл адам қазақтар мұсылман емес, «шаманый» деген дінсіз халық, оларды православныйға айналдыру бек оңай» дегені патша үкіметі саясатымен астасып жатқандығын» жеткізеді. Ал маусымның 25-інде өз жұмысын бастаған бүкілресейлік мұсылмандар съезіне 35 делегат қатысты. Съезде де Б.Қаратаев қазақ өкілдері кеңесінде көтерілген мәселелер туралы баяндама жасады. Сонымен бірге мұсылмандар фракциясы мүшелері бірінші дүниежүзілік соғыста жараланған жауынгерлерге қолдау көрсету үшін уақытша комитет құрады. Оның ережесін Б.Қаратаев дайындады. Осы жылы ол кадеттердің ұлт және аграрлық мәселелерді шешуге құлықсыздығын анық байқаған соң оның қатарынан шықты.
Патша үкіметінің 1916 жылғы маусымның 25-індегі 19-43 жас аралығындағы ер азаматтарды тыл жұмыстарына алу туралы заңның ел ішінде наразылық тудырған тұсында да Б.Қаратаев ұлт алдындағы парызын түсіне білді. Ол жарлыққа қарсы ашық наразылыққа шақырған Т.Бокин, Ә.Жангелдин, С.Меңдешев, Б.Құлманов, Т.Рысқұловтарды қолдамай, А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов сияқты көтеріліске шыққан қазақ жастарын патша үкіметі аяусыз жазалайтындығын ескертеді. Сол үшін Б.Қаратаев тамыз айында Санкт-Петербургке келіп, патша әкімшілігіне тыл жұмыстарына қазақтарды алуды тоқтата тұру жөніндегі өз жазбасын жолдайды. Тарихта «Қазақтар жөніндегі естелік жазба» атауымен сақталған хатында Б.Қаратаев Орал өңіріндегі халық наразылығын хабарлады. Осы жазбаны Ж.Сейдалин М.Шоқай арқылы Дума төрағасы М.Родзянкоға жеткізеді. Жазбада қазақ жастарын шақыртуды 1917 жылдың мамырына дейін тоқтата тұру қажеттігі баса айтылады. Содан Б.Қаратаев елге оралады. Оның жазбасымен танысқан Ж.Досмұхамедов, Ж.Сейдалин, М.Шоқай IV Мемлекеттік Думаға арнайы мәселе етіп шығарды.
Ресейдегі шиеленістің түбі патша үкіметінің құлауына әкелді. Б.Қаратаев оны пайдалана отырып, Орал қаласында Қазақ комитетін құруға кіріседі. 1917 жылғы наурыздың 7-сінде Жайық өзенінің сол жағалауын қоныстанған қазақ ауылдарын басқару мақсатында азаматтық комитет құрылып, төрағалығына Б.Қаратаев бекітіледі. Наурыздың 10-ында азаматтық комитет уақытша комитет болып, өзгертіліп, төрағалығына Ғ.Әлібеков сайланып, Б.Қаратаев мүшелігінде қалдырылады. Ал сәуірдің 19-22-сінде Орал облысы қазақ съезінде уақытша комитет өз билігін Орал облыстық қазақ комитетіне тапсырады.
Б.Қаратаев 1917 жылы мамыр айының алғашқы 10 күндігінде Мәскеу қаласында өткен бүкілресейлік мұсылмандар съезіне қатысады. Кейін өз естелігінде ол съезге «қазақ интеллигенттері, заңгер Ж.Досмұхамедов, дәрігер Х.Досмұхамедов, агроном К.Жәленов, орта білімді Ғ.Әлібеков және дінбасылары, имам, молдалар Қуанай, Дәулетияр, Қажығали және т.б.» қатысқандығын жазды. Съезде Б.Қаратаев соғысты тоқтатып, әскерді үйіне қайтару қажеттігін ұсынады.
Бұл кезеңде Ә.Бөкейханов бастаған қазақ зиялыларының Ресейдегі Уақытша үкіметке деген сенімі ақталмағандығы дәлелдене бастады. Осы аралықта (мамыр айының соңында) Уақытша үкіметтің соғыс және ұлттық-аумақтық автономия жөніндегі ұстанымдарына қарсы келген Б.Қаратаев большевиктерді жақтаушы деген айыппен «ауылынан ешқайда шықпау» жөнінде Орал әскери үкіметіне қолхат беріп, «үй тұтқыны» жағдайында Орал уезі Көкбақты болысы милициясының қатаң бақылауына алынады.
Қазан төңкерісі кезінде Б.Қаратаев өз ауылында тұтқын жағдайында болатын. Өз естелігінде: «Қазан революциясынан кейін, 1918 жылдың наурыз айына дейін мен өз жолдастарыммен бірге қырда қазақ жігіттерінен соғыс күшін ұйымдастыруға кірістім. Бұл жұмысқа қоныс аударып келген украиндарды да тарттық», - деп жазады. 1918 жылы наурыздың 18-інде Орал қаласында өткен кеңестердің II облыстық съезінде Б.Қаратаев облыстық юстиция коммисары болып тағайындалды. Бірақ наурыздың 28-29-ында болған төңкеріс әсерінен Б.Қаратаев сәуірдің 15-інде қайтадан тұтқынға алынады. Орыс-казактарының әскери далалық соты оны ату жазасына кескенімен, кейін өз үкімін 6 жылға қамауға ауыстырады. Ол турасында Х.Есенжановтың «Ақ Жайық» трилогиясында толығырақ жазылған. Кейін Б.Қаратаев «ел арасындағы беделімнің жоғарылығы және заңгер мамандығымның болуы арқасында аман қалдым. Ел ішінде наразылық көтерілісінің күшейіп кетуінен қорыққан Әскери үкімет мені өлтірмеді» деп мойындады.
1919 жылы қаңтардың 24-інде В.Чапаев дивизиясы Орал қаласын орыс-казактарынан азат еткен кезеңде Б.Қаратаев түрмеден босады. Түрмеден босап 4-армияның әскери революциялық кеңесінің қаулысымен құрылған облревкомға мүше ретінде енгізіледі. Міне, осыдан кейін Б.Қаратаев 6 ақпанда РКП (б) қатарына қабылданады. Тарихшы Исатай Кенжәлиев Б.Қаратаев пен Б.Құлманов большевиктердің автономия береміз дегеніне сеніп, олардың жағына шықты деп түсіндіреді. Қайткен күнде де елде түбегейлі өзгерістер басталды. Большевиктер біртіндеп елдегі билікті өз қолына алып, ұлт зиялыларының қойған талаптарын мойындайтындығына уәде бере отырып, оларды өзіне тарта бастады. 1919 жылы ақпанның 3-інде облыстық ревком Б.Қаратаевқа ұлт істерін меңгеру ісін тапсырса, сәуірдің 10-ында Батыс Алашорда бөлімі басшылары Жанша және Халел Досмұхамедовтермен келіссөз жүргізуді жүктеді. Ревком Б.Қаратаевтан қазақтың алғашқы атты әскер жасағын құруға да көмек сұрады. Кейін Б.Қаратаев большевиктердің сөзі мен ісі арасындағы алшақтықтарды сезініп, қазақ жігіттерінен ерікті армия құру ісінен бас тартады. Оның себебін қазақ жігіттеріне қамқорлық жасалмай, соғыс өнеріне әзірленбей, ешқандай дайындақсыз соғысқа қатыстырылуымен түсіндіреді. Осындай батыл пікіріне қарамастан большевиктер оны 1919 жылы шілденің 14-інде Қазақ өлкесін басқару жөніндегі әскери революциялық комитетке мүше ретінде тағайындайды. Ревком құрамында Ә.Жангелдин, С.Меңдешев, А.Байтұрсынов, М.Тұңғаншин т.б. болатын. Оның мүшелері тамыз айында Орынборға келіп қызметке кіріседі. Осында Б.Қаратаев бөртпе, сүзек ауруына шалдығады. 1919 жылы 19 қыркүйекте Орал-Бөкей облыстары қазақтары үшін арнайы Қазәскерревком құрылып ондағы ұлттық істерді басқаруды Б.Қаратаевқа жүктеді. Ревкомда жүріп Б.Қаратаев А.Байтұрсынов және Б.Қаралдиндермен бірге кеңес үкіметіне қарсы шыққан қазақтарға кешірім беру туралы қаулы қабылдап, оны елге таратты. Батыс Алашордашылар бұл мәселеде Б.Қаратаевқа, оның қамқорлығына сенім артты.
1920 жылы ақпанның 23-інде Қазәскерревком Б.Қаратаевты әділет бөлімінің меңгерушілігіне тағайындайды. Бұл қызметті оған дейін Б.Қаралдин басқарған болатын. Қызметін атқара жүріп Б.Қаратаев өзге де зиялылармен қазақ шекарасын сақтап қалуға күш салады. Ол адай уезінің шекарасындағы таласты мәселелерді дәл көрсете білді. Бірақ көп ұзамай большевиктердің Б.Қаратаевқа Алаш зиялыларымен қарым-қатынасы үшін сенбейтіндігі байқалады. Кеңес үкіметі Алашорда үкіметінің қатарында болған ақ гвардияшылардың тыңшылары деген айыппен А.Қоңырбаев, С.Асанов, Е.Арғыншиевтер түрмеге қамалғанда, Б.Қаратаев, Ә.Әйтиев, М.Мырзағалиевтер оларды тұтқыннан босатты және Б.Қаратаев А.Кенжин, А.Мырзағалиевпен бірге Алашорда үкіметімен жасырын байланыс жасады деген айып тағады. Содан 1920 жылы шілденің 6-сында қайтадан Жымпиты уездік милициясының бақылауына алынып, шілденің 28-інде Қазәскерревкомдағы қызметінен босатылады. Оған «қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін» , «пара алғаны үшін» деген айыптар тағылады. Б.Қаратаев 33 күн қамауда отырады. Кейін өзінің заңды ешқашан бұзбағандығын, халқы үшін адал қызмет еткенін дәлелдеп шығады. Оған да риза болмаған РКП (б)-ның Қазақстан облыстық бюросының президиумы мүшелері И.Акулов, С.Киров, В.Радус-Зенковичтер 1920 жылы қазанның 21-інде жиналып, тергеуді тоқтатып, Б.Қаратаевты болашақта жауапты басқару лауазымына қоймау туралы шешім қабылдады. Содан ол 6 қарашада Қазақ өлкелік әскери комиссариатына қызметке орналасып, 1921 жылы сәуір айында өз еркімен қызметінен кетеді. 1921 жылы 8 сәуірде Орынбор уезі, Доңғыз ауылынан жер алып, «Еңбек» ауыл шаруашылығы жер игеру артелін құрып, халқын ашаршылықтан сақтады. Бұдан кейін Б.Қаратаев Орал губерниялық сотында қызмет жасады. Ол адвокат бола жүріп елін сауаттандырды. 1923 жылы мамырдың 7-сінде Б.Қаратаевқа «Кеңес заңына қайшы әрекет жасады» деген тағы да жала жабылады. Бұл жолы оны Юстиция халық коммисары Н.Нұрмақов қорғап қалады. Содан қорғаушылық қызметіне қайта орналасады. Ал 1925 жылы шілдеде әйелі Саржанның ауруына байланысты Ақтөбеге біржолата көшеді. 1925 жылы қазанның 4-інде Ақтөбе губерниялық сотына қарасты қорғаушылар алқасының мүшесі болып қызметке қабылданады. Осы лауазымда жүріп, 1919 жылы ақпанның 6-сында кірген большевиктік партия қатарынан 1927 жылы өз еркімен шығады. Б.Қаратаевтың кейінгі өмірі таза ғылымға арналды. Оның қаламынан жарық көрген 20-дан астам еңбектері халқымыздың өткен тарихынан мол мағлұматтар береді.
Қай кезеңде де өз халқының қамы үшін маңдай терін төккен, ешкімнен қамықпай, шындықты өмірлік ұстанымы етіп өткен қайраткер, біртуар тұлға 1934 жылы тамыздың 24-інде Ақтөбе қаласында дүние салды.