Бас бостандығынан айыру қылмыскерлердің көпшілігін түзетпейді - министр
«Біздің көп жылдардағы тәжірибемізге сүйенсек, қылмыскерлерді бас бостандығынан айыру орындарында ұстау барлық уақытта бірдей тиімді емес. Бас бостандығынан айыру қылмыскерді түзету мен олардың қайтадан қылмыс жасауының алдын алу тетігі ретінде жұмыс істемейді. Оның үстіне колонияларда адамдарды ұстау да мемлекет бюджетіне салмақ түсіреді. Осыған байланысты бірқатар еуропалық елдердің тәжірибесі бойынша жаңа қылмыстық, қылмыстық-процессуалдық, қылмыстық-атқару кодекстерін, «Пробация туралы» Заңды және басқа да нормативтік-құқықтық актілерді қабылдай отырып, Қазақстан қылмыстық заңнаманы ізгілендіру мен қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес қылмыстық жазалауды қолдану саласын кеңейтуге бағыт алды», - деді министр Парламент Мәжілісінде бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалтудың 2017-2019 жылдарға арналған кешенді стратегиясын іске асыру тақырыбындағы Үкімет сағатында.
Оның сөзіне қарағанда, соңғы жылдары түрмедегі адамдар саны елеулі түрде төмендеді, яғни 2011 жылғы 57 мыңнан бастап 2017 жылы 35,5 мың адамға азайды.
«Егер де он бес жыл бұрын Қазақстан қамаудағы адамдар саны бойынша әлемдік рейтингте АҚШ пен Ресейден кейін үшінші орында болса, қазіргі кезде 68-ші тізімдеміз. Перспективада қылмыстық жаза шаралары тұрғысында сотталғандар теңгерімі өзгеруі тиіс», - деді Қасымов.
Министр бас бостандығынан айырылғандар азая түсетінін, ал бостандықта пробация қызметі мен полиция бақылауындағылар саны айтарлықтай артатынын жеткізді.