18:53, 07 Наурыз 2012 | GMT +5
Бас мүфти Венгрия Бас консулының кеңесшісін қабылдады
АСТАНА. 7 наурыз. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі Венгрия Бас консулының кеңесшісі Иштван Маклариді қабылдады.

ҚМДБ баспасөз қызметінің мәліметінше, екіжақты кездесуде Бас мүфти қонаққа Ислам жайлы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы туралы мағлұмат берді.
«Ислам - жеңіл дін. Мұсылмандардың бес уақыт оқитын намазы да адамның ыңғайлы уақытына қойылған. Жолаушыларға намазда жеңілдік қарастырылған. Бұл - Алланың адам баласына деген мейірімі, кеңшілігі», - деді кездесуде Дінбасы.
Иштван Макларидің Бас мүфтимен кездесудегі мақсаты - әлемдік дін - Ислам туралы жан-жақты ақпарат алу, делінген ҚМДБ баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
«Дінбасымен әсерлі әңгіме-дүкен құрдық. Мен Қазақстанға келгелі бері иманға бет бұрған жастардың күн санап көбейіп келе жатқанының куәсі болдым», - деді И.Маклари.