11:04, 29 Қазан 2009 | GMT +5
Бас жүлде павлодарлық айтыс ақыны Алмагүл Жүнісованың еншісіне тиді
КӨКШЕТАУ. Қазанның 29-ы. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облысының 70 жылдығы және Көкшетау қаласының 185 жылдығына орайластырыла өткізілген «Жер шоқтығы - Көкшетау» ақындар айтысында бас жүлде Павлодардан қатысқан Алмагүл Жүнісованың еншісіне тиді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Достар» мәдениет үйіндегі жыр додасына Астана, Арқалық, Екібастұз, Қарағанды, Петропавл қалаларының суырып салма ақындары қатысып, бақтарын сынады. Өнер сайысы барысында еліміздің әр түкпірінен келген ақындар Шәкеев атындағы Көкшетау айтыс ақындары мектебінің жұмысымен, іс-тәжірибесімен танысып, ой бөлісті. Айтыскер-ақын Арман Бердалиннің жетекшілігіндегі өнер ошағында 12 жеткіншек тәлім алуда. Олардың барлығы да бүгінгі сайысқа бақтарын сынауға қатысқан. Қазылар алқасының ұйғарымымен Арқалық қаласының өкілі Бағила Балмашева бірінші, қарағандылық Нұрмұхаммед Байсағұров екінші, көкшетаулық Әлібек Серғалиевке үшінші орын бұйырды.